×

Арыстағы жарылысқа кінәлілер 97 млрд теңге өтейтін болды

Жауап берушілер - бұрынғы әскери қызметшілер

 Халық үні 20.10.2022 | 01:08
фото: ашық дереккөзден

Арыс қаласындағы оқ-дәрі қоймасында болған жарылыс салдарынан келген шығынды 16 адам өтейді. Мұндай шешімді Астана қаласының Есіл аудандық соты шығарды. 

Қорғаныс министрлігі 2019 жылғы 24 маусымда Арыс қаласында оқ-дәрілердің жарылуы салдарынан туындаған 97 млрд теңгеден астам залалды 16 жауапкерден мемлекет кірісіне өндіріп алу туралы талап арызбен сотқа жүгінді. Жауап берушілер - бұрынғы әскери қызметшілер. Олар қызмет барысында өрт қауіпсіздігі, оқ-дәрілерді сақтау, өткізу және кәдеге жарату, техникалық бақылау үшін жауапты болды. Бір жауап беруші күзет-өрт дабылын орнатуды жүзеге асырған ЖШС басшысы саналады, — делінген аудандық соттың баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

ҚР Азаматтық кодексінің 932-бабында бірлесіп келтірілген зиян үшін жауапкершілік көзделген. Бірлесіп зиян келтірген адамдар жәбірленушінің алдында бірге жауап береді.

Сот белгіленген жағдайларды ескере отырып, талап қоюды қанағаттандыру туралы қорытындыға келген.

Астана қаласы Есіл аудандық сотының 2022 жылғы 19 қазандағы шешімімен жауап берушілерден мемлекет кірісіне сот сараптамасына сәйкес, залал мен сот шығындары ынтымақты тәртіппен өндірілді, — делінген хабарламада.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама