×

Жетісуда бос жатқан жерді мемлекетке қайтару қай ауданда баяу жүріп жатқаны айтылды

Облыста жыл басынан бері 63 мың гектар жер мемлекетке қайтарылған

 Халық үні 18.10.2022 | 10:10
Halyq Uni

Жетісу облысында 1,3 миллион гектар бос жатқан жер анықталды. Биыл оның 63 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылған, деп хабарлайды Halyq Uni.

Құзырлы органдар облыста бос жатқан жерді анықтау үшін «Ғарыш сапары» геопарталын іске қосқан.

Игерілмеген ауыл шаруашылығы жерінің тек 63 мың гектары мемлекетке қайтарылған. Бұл бағыттағы жұмыстар Сарқан, Кербұлақ ауданында баяу жүріп жатыр.

«Облыс аумағында 7 631 гектар жайылым жерін заңсыз пайдаланған 34 шаруа қожалығы бойынша заң бұзушылықтар анықталып, тиісті шаралар қабылданды. Қазір олар мемлекетке қайтарылды», - деді облыс прокурорының орынбасары Серікқали Күшәлиев.

Жетісуда игерілмей жатқан бос жерлердің басым бөлігі Кербұлақ ауданында анықталды. Аймақта жыл басынан 132 мың гектар пайдаланылмаған жайылым жер тіркелді. Оның тек 9 800 гектары ғана мемлекет меншігіне қайтарылды. Аудан прокуратурасының мамандары мұндай заңбұзушылықтар басқа өңірлерден келген инвесторлардан да анықталғанын айтты.

Кербұлақ ауданында 2019 жылдан бері 26 инвестициялық жоба жүзеге асқан. Биыл 14 жобаға берілген жердің бос жатқанын білдік. Енді оны халыққа береміз, - деді Кербұлақ ауданы прокуратурасының прокуроры Олжас Әбдіраман.

Дей тұрғанмен аймақта 6 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер қажет. Мұндай тапшылық Қоғалы, Шұбар, Көксу, Талдыбұлақ ауылдарында байқалады.

Мамандардың айтуынша, бос алқапты қайтару ісі қарқынды жүрып жатыр. Алайда бұл жұмыс бір жылдан 3 жылға дейін созылады.

«Бір жыл уақыт береміз, тиісті шаралар қолданылмаса, сотқа жүгінеміз. Бұл ұзақ уақыт алады. Ал халық оны түсінбейді», - дейді Кербұлақ ауданы ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Жандос Қатжанов.

Айта кетейік, 2022 жылдың шілдесіндегі ақпарат бойынша жыл басынан бері 904 мың га пайдаланылмаған немесе заңнаманы бұза отырып берілген жер мемлекет пайдасына қайтарылды.

Былтыр 430 мың га қайтарылған. Жыл соңына дейін тағы 5 млн га жерді қайтару жоспарланып отыр.

Әмина Құдайберген, Жетісу облысы

Серіктес жаңалықтары

Сараптама