×

Батыс елдері Украинада жаңа әуе қорғаныс жүйесін құруға келісті

АҚШ пен оның одақтастары Брюссельде кездесіп, Украинада жаңа әуе қорғаныс жүйесін құруға келісті.

 Халық үні 16.10.2022 | 22:47
Фото: REUTERS

Киев пен елдің өзге қалаларына, елдімекендеріне түскен снарядтардан бейбіт тұрғындар қаза тауып, азаматтық инфрақұрылым нысандары да қирады. Владимир Путин «бұл шабуыл - Қырым көпіріндегі жарылыс үшін кек қайтару» деп мәлімдеді, деп хабарлады Qazaqstan телеарнасы.

Мәскеудің бұл әрекетінен кейін батыс елдері Украинада тұтастай жаңа әуе қорғаныс жүйесін құру туралы шешім қабылдады.

Қазанның 10 күні Ресей Украинаның қалалары мен елдімекендеріне зымырандармен жойқын шабуыл жасады. 19 адам қаза тауып, ондаған тұрғын жараланды. Зымыран соққысынан кейін істен шыққан энергетикалық инфрақұрылым әлі толықтай қалпына келген жоқ. Ресей болса, шабуылды өткен аптада Қырым көпірінде болған жарылыс үшін кек алу деп мәлімдеді. Айта кету керек, қыркүйектің басынан бері Ресей жауынгерлері ұрыс даласында сәтсіздіктерге ұшырап жатыр. Ал Украина армиясы олардың майдан шептерін бұзып, солтүстік-шығыс пен оңтүстікте мыңдаған шаршы шақырым аумақты азат етті. Президент Владимир Зеленскийдің сөзінше, соңғы күндері елдің бірнеше облысында қарулы қақтығыс белсенді түрде жүріп жатыр. Жағдай әсіресе Донецк және Луганск облыстарында күрделі.

Соңғы күндері Ресей соққы беруді күшейтті. Шабуылға зымырандар мен ирандық дрондар қолданылып жатыр. Донбас, Запорожье, Николаев, Харковь және басқа да аудандарда адамдар қаза тауып, нысандар қирады, -деді Украина президенті Владимир Зеленский.

Ресей Украинаның аса маңызды инфрақұрылым нысандарына жойқын соққы бергеннен кейін, Батыс елдерінің жоспары өзгерді. АҚШ пен оның одақтастары Брюссельде кездесіп, Украинада жаңа әуе қорғаныс жүйесін құруға келісті. Оның аясында Киевке Германиядан су жаңа зениттік-зымырандық кешен жетті. «Айрис – Ти» атты бұрын-соңды қолданыста болмаған қару нысанды ұшақтардан, тікұшақтардан және қанатты зымырандардан 360 градуста қорғай алады. Сонымен бірге таяуда Украина армиясының арсеналы Норвегия мен АҚШ бірлесіп жасаған NASAMS зымыран кешенімен толығады. Ал АҚШ Украинаға 725 млн доллар көлемінде жаңа әскери көмек беретінін мәлімдеді.

Ресей шиеленісті күшейтіп жатқан шақта біз Украинаға қолдау көрсете береміз. Және бұл көмек қажет болған мерзімге дейін жалғаса береді. Әскери қолдау көрсете отырып, қақтығысты дипломатиялық жолмен шешуді де көздейміз, – дейді Еуропалық Одақтың сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы өкілі Жозеф Боррель.

Ресми Мәскеудің мәлімдеуінше, Батыс Киевке қару беру арқылы қақтығысты өршітіп отыр. Астанадағы саммиттен кейін өткен баспасөз мәслихатында Ресей президенті Владимир Путин алда Украинаны жою міндеті тұрған жоқ деп мәлімдеді. Сонымен бірге Ресейде ішінара мобилизация жарияланғаннан кейін елден кеткен азаматтарға қатысты өз пікірін білдірді. Бұл жағдайға эмоциялық емес, заңдық тұрғыда баға беру керектігін және осы негізде ғана әрекет ету қажет екенін айтты. Путин елден біреуі қорыққаннан, екіншісі мобилизациядан қашу үшін, өзгелері басқа да себептермен кетуі мүмкін деп жауап берді.

Қорғаныс министрлігі бастапқыда әскер қатарына 300 мың емес, бұдан да аз адамды алуды ұйғарды. Бұған қосымша ештеңе жоспарланып отырған жоқ. Мобилизация екі аптадан кейін аяқталады, – деді Ресей президенті Владимир Путин.

Дегенмен АҚШ-тың Соғысты зерттеу институтының мәлімдеуінше, екі аптадан кейін Ресейде күзгі әскер қатарына шақыру басталады. Науқан қарашаның 1-нен желтоқсанның соңына дейін жалғасады. Ал сенбіде елдің Белгород облысында Украинаға қарулы қақтығысқа баруға ниет білдірген еріктілер жаттығатын полигонда атыс болды. 11 адам қаза тауып, 15-сі жараланған. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама