×

Қыркүйекте жалақы алмаған мұғалімдердің мәселесі қашан шешілетіні айтылды

Талдықорғанда 5 мектеп пен 3 балабақша қызметкерлері қыркүйекте жалақы алмаған

 Халық үні 14.10.2022 | 16:23
Halyq Uni

Талдықорғанда қыркүйекте жалақысын алмаған мектеп пен балабақша қызметкерлерінің мәселесі 17 қазаннан бастап шешіледі. Бұл туралы Жетісу облысы білім басқармасының басшысы Айжан Адамбекова мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Бұған дейін Семей мен Талдықорғандағы бірнеше мектептің мұғалімдері бірнеше айдан бері жалақысын алмағаны туралы ақпарат тарады.

Талдықорған қаласы білім бөлімінің хабарлауынша, қалада 5 мектеп пен 3 балабақша қызметкерлері қыркүйекте жалақы алмаған.

«Талдықорған қаласындағы №10, №11, №12, №13, №21 мектеп пен 3 балабақша қызметкерлері 2022 жылдың қыркүйегі үшін жалақысын алмады. Бұл жағдай 2022 жылдың бюджет қаражатын Алматы облысына және Жетісу облысына бөлуге байланысты қалыптасты», - деп хабарлады білім бөлімі.

Жетісу облысы білім басқармасы басшысы Айжан Адамбекованың айтуынша, Талдықорғанда ұстаздар мен тәрбиешілердің жалақысы келесі аптада беріледі.

Талдықорғандағы 5 мектеп пен 3 балабақша қызметкеріне қыркүйекте еңбекақы төленбеді. Кассаны ауыстыру жұмыстары аяқталып қалды. Жалақы 17 қазаннан бастап беріледі, - деді облыстың бас ұстазы.

Ал Абай облысы білім басқармасының хабарлауынша, бұл мәселе жауапты тиісті органдарға тапсырылған.

«Екі облыстың бөлінуіне байланысты осындай жағдай болды, 17 қазаннан бастап бюджет реттеледі», - делінген басқарма жауабында.

ЖАҢА ОБЛЫСТАР ҚҰРЫЛДЫ

Президенттің тапсырмасымен республикада тағы үш облыс құрылды. Бұл туралы 16 наурызда президент Қасым-Жомарт Тоқаев парламентте халыққа жасаған үндеуінде мәлімдеді.

Семей аймағында Абай облысы құрылды. Орталығы Семей қаласы болды.

Ал бұрынғы Жезқазған облысының аймағында Ұлытау облысы пайда болды. Облыс орталығы – Жезқазған қаласы.

Бұдан бөлек, Алматы облысы екіге бөлінді. Бұл өңірде Жетісу және Алматы облыстары құрылды. Алматы облысының орталығы Қапшағай, ал Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда орналасқан.

Әмина Құдайберген, Жетісу облысы

Серіктес жаңалықтары

Сараптама