×

Шахматшы Сауат Нұрғалиев Олимпиада чемпионы атанды

Иманғали Ақылбай қола жүлдені иеленді

 Дастан Жұмабекұлы 14.10.2022 | 09:12
фото: Мәдениет және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясы

1-11 қазан күндері Әзербайжанның астанасы Баку қаласында шахматтан 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында өткен Олимпиадада Сауат Нұрғалиев құрмет тұғырының ең биік сатысына көтерілді.

Мәдениет және спорт министрлігінің хабарлауынша, дүниежүзілік додаға Қазақстан құрамасы сапында Даниял Сапенов, Әмина Қайырбекова, Алуа Нұрманова, Иманғали Ақылбай, Ілияс Сәбитов пен Сауат Нұрғалиев қатысып, жалпыкомандалық есепте төртінші орынға ие болды.

Жекелей сында Сауат Нұрғалиев алтын жүлдені, Иманғали Ақылбай қола жүлде иеленді, - делінген Спорт және дене шынықтыру істері комитеті Спортты дамыту дирекциясының хабарламасында.

Соңғы кезде еліміздің жастары мен жасөспірімдері жер-жүзінде шахматтан өтіп жатқан  түрлі халықаралық жарыстар мен турнирлерде жүлде алып, құрмет тұғырынан көрініп келеді. Тамыз айында Қазақстаннның әйелдер құрамасы да Үндістанның Ченнаи қаласында өткен Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында тәуір нәтиже көрсеткен болатын. Онда әйелдер құрама жалпыкомандалық есепте бесінші орын алды.

Олимпиаданың соңғы күні Жансая Әбдімәлік пен Бибісара Асаубаева жеңіске жетті. Ал Ксения Балабаева тең ойнаса, Гүлісхан Нахбаева қарсыласына есе жіберді. Қазақстан шахматшылары Үндістанда болған ала тақтадағы айқаста сегіз рет жеңіп, бір тең ойнап, екі рет жеңілді. Осы сында Қазақстан құрамасында да Бибісара Асаубаева ойындардың бәрінде жеңілген жоқ. Ол тіпті, басқалары бір-екі күн демалыс алғанда демалыссыз ойнады. Міне, қазір елімізде алатақта өнерін дамытып келе жатқан осындай шахматшыларымыз бар. Солардың қатарына енді жасөспірімдер арасында Олимпиада чемпионы атанған Сауат Нұрғалиев бастаған Даниял Сапенов, Әмина Қайырбекова, Алуа Нұрманова, Иманғали Ақылбай, Ілияс Сәбитов қосылып отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама