×

СҚО-да екі жылда 14 мектеп жабылды: мамандар себебін түсіндірді

306 ауылдың балалары көрші елдімекендегі мектепте оқиды

 Самат Жақып 11.10.2022 | 16:40
Halyq Uni

Солтүстік Қазақстан облысында кейінгі екі жылда 14 мектеп жабылды. Жауапты мамандар мұны мектептерде оқушы санының аз екенімен байланыстырып отыр. Себебі кей мектепте үш оқушыдан қалған, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Облыстық білім басқармасының хабарлауынша 2022-2023 жаңа оқу жылында жабылды:

  • Айыртау ауданының Верхнебұрлұқ бастауыш мектебі;
  • Есіл ауданының Алаби бастауыш мектебі;
  • Мағжан Жұмабаев ауданындағы Золотая Нива негізгі мектебі;
  • Қызылжар ауданында Желяков, Новоникольск бастауыш мектептері;
  • Ғабит Мүсірепов ауданындағы Литвиновка бастауыш мектебі;
  • Тайынша ауданындағы Краснодольский бастауыш мектебі.

«Бұл мектептерде балалардың саны нормативке сәйкес келмеді. Сондықтан біз ол мектептерді жабу туралы шешім қабылдадық. Қазір ол жердегі оқушылар көрші ауылдарға қатынап білім алып жатыр. Ал интернатта тұратындарын тегін тамақтандыру қарастырылған. Сондай-ақ осыған байланысты жұмысынан айырылған мұғалімдерді де жақын маңдағы мектептерге орналастырдық», – деді СҚО  білім басқармасының басшысы Нәзір Жәшібеков.

ЕКІ МЕКТЕПТІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

Жалпы қазір өңірде 465 мектеп жұмыс істеп тұр. Ал оның (351 мектеп) 75%-ы шағын жинақталған мектеп. Сондай-ақ қазір 306 ауылдағы 2 700-ден астам оқушы көрші елдімекендерде оқуға мәжбүр. Ал 1,7 мың бала күнде қатынап оқиды. Ол үшін 160-қа жуық арнайы көлік бар. Жыл соңына дейін тағы 29 автобус сатып алынады. 

«Былтыр 7 мектеп жабылып, тағы 7 мектеп оңтайландырылды. Биыл ондай мектептер мүлде жоқ. Осыдан екі жыл бұрын облыс орталығында жаңа мектеп салынды. Қазір Тайынша ауданына қарасты Вишнёвка ауылы мен Тайынша қаласында білім ошақтарының құрылысы жүріп жатыр. Бұдан бөлек 2024 жылы Петропавл қаласында екі мектептің іргетасы қаланады. Оның біріншісі «Копай» шағын ауданында – 1 200 орынға арналған босла, «Жас Өркен» ауданында  бой көтеретін мектеп 900 балаға шақталған», - дейді облыстың бас ұстазы.

Дегенмен өңірде жыл сайын мектеп саны азайын жатыр. Осыдан 10 жыл бұрын өңірде 596 жалпы білім беретін мектеп болған. Осы аралықта олардың саны 25%-ға азайған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама