×

Жигули Дайрабаевтың екі ұлына қатысты сот отырысы не себепті кейінге қалдырылғаны белгілі болды

Сот отырысы 20 қазанда өтеді

 Ұлдана Жұбай 11.10.2022 | 11:20
Фото: jambylinfo.kz

Президенттікке кандидат ретінде ұсынылған Жигули Дайрабаевтың екі ұлына қатысты сот отырысы кейінге қалдырылды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Бұған дейін Тараз қаласы сотында сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иемдену, ірі мөлшерде алаяқтық жасады деген айыппен төрт азаматқа қатысты іс қаралатыны хабарланды.

Оның ішінде президенттікке кандидат ретінде ұсынылған Жигули Дайрабаевтың ұлдары Марат Дайрабаев пен Дидар Молдағалиев бар. Екеуі де үйқамаққа алынған.

Сот отырысы 11 қазанда өтеді деп жоспарланды.

Жамбыл облысы сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, істі қарайтын судьяның денсаулығына байланысты сот отырысы кейінге қалдырылды.

«Судья Светлана Дамитриеваның еңбекке жарамсыз парағында болуына байланысты сот отырысы 20 қазан сағат 10:30-ға қалдырылды», - деп хабарлады Halyq Uni тілшісіне соттың баспасөз қызметі.

Айта кетейік, Жигули Дайрабаев «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының атынан кезектен тыс президент сайлауына кандидат ретінде ұсынылған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың 21 қыркүйегінде Қазақстан президентін кезектен тыс сайлауын өткізу туралы жарлыққа қол қойды.

Соған сәйкес, 2022 жылдың 20 қарашасында өтеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама