×

Шымкенттегі анасы мен қызының өлімі: куәгер оқиғаның қалай болғанын айтты

24 жастағы жігіт уақытша ұстау изоляторына қамалды

Halyq Uni

Шымкентте 10 қазанда көлік жүргізушісі жаяу жүргіншілер жолағында екі адамды қағып кетті. Салдарынан 43 жастағы анасы мен 16 жастағы қызы оқиға орнында қайтыс болды.

Қайғылы жағдай куәгері Бақыт Қозыбақов оқиғаның қалай болғанын айтты. Оның сөзінше, қайтыс болған әйелді таныған. Оның сөзінше, отбасы оқиға болған маңға жақын жерде тұрған, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

«Жай келсе ондай жағдай болмайды ғой. Қатты жүріп келген. Көлік кемінде жүзбен келді. Өйткені адамдарды 100 метрге дейін ұшырып жіберген. Шашырап қалған екеуінің арасы 20-30 метр. Анасы арғы жаққа ұшты, қызы мына жерде жатты», - дейді куәгер Бақыт Қозыбақов.

Отбасының сөзінше, әйел мен қызы ауруханаға бара жатқан.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, оқиға сағат 09:35 шамасында болған. Шымкент қаласының Төлеметов көшесі бойында Mitsubishi Pajero автокөлігінің 24 жастағы жүргізушісі екі жаяу жүргіншіні қағып кеткен.

Аталған дерек Қылмыстық кодекс 345-бабының 4-бөлігі (көлік басқару қағидаларын бұзу екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелген жағдай) бойынша тіркелді. Тиісті сараптамалар тағайындалды.

Жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама