×

Әділетті қоғам құруға кірістік – Президент

Мұнда «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы басшылыққа алынады

 Дәурен Ерболат 06.10.2022 | 16:55
Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы саяси жүйені өзгерту үшін ауқымды реформа жүргізгенін, әділетті қоғам құруға кіріскенін айтты деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Осы орайда ол еліміздің жаңа саяси дәуірге қадам басқанын атап өтті.

«20 қарашада кезектен тыс Президент сайлауы өтеді. Бұл – болашақ даму бағдарымызды айқындайтын аса маңызды науқан. Түрлі қоғамдық ұйымдары маған өздерінің атынан сайлауға түсу туралы ұсыныс білдірді. Мен бұған дейін Мемлекет басшысы ешбір партияға басымдық бермей, саяси тұрғыдан бейтарап болу қажеттігін айттым. Осы ұстанымым өзгермейді. Баршаңыз ұсынған ортақ кандидат ретінде президент сайлауына түсу – мен үшін зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік. Маған сенім артқандарыңыз үшін баршаңызға ризашылығымды білдіремін. Коалицияда басты саяси партиялардың, қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстардың болуы өте маңызды. Себебі, онда барлық әлеуметтік топ қамтылған», - деді Президент халықтық коалиция форумында.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда ауқымды реформда жүргенін жеткізді.

Мен еліміздің саяси, әлеуметтік, құқықтық, және басқа да маңызды жүйелерін түбегейлі жаңғырту үшін ауқымды реформа жүргіздім. Бұл реформалар халықтың тұрмысын түзеуге, әр адамның құқығын толық қорғауға, демократиялық үдерістерді жедел жүргізуге бағытталған. Бір сөзбен айтқанда, барлығы тек халық үшін жасалып жатыр. Сондай-ақ мемлекеттілігімізді нығайтуға арналды. Жалпы көп жұмыс атқарылды деп айтуға болады. Бірақ, бұл – күрделі жолдың басы ғана. Сондықтан біз «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын басшылыққа алып, әділ қоғам құруға кірістік. Саяси реформаның 4 топтамасын жүзеге асырдық, - деді мемлекет басшысы.

Президент билік пен қоғамның диалогын нығайту үшін ата дәстүрімен Ұлттық құрылтай шақырғанын атап өтті.

«Оның жұмысына түрлі сала өкілдері белсене қатысты. Әлемді жайлаған коронавирус індетіне бірге қарсы тұрдық. «Қасіретті қаңтар» кезіндегі зор сынақты тұтас ел болып еңсердік. Биыл Конституцияға өте маңызды өзгерістер енгіздік. Еліміз үшін жарқын келешекке жол аштық. Яғни қысқа уақытта орасан зор жұмысты бірге атқардық деп сеніммен айтуға болады. Бірақ әлі де ауқымды жұмыс атқаруымыз керек, бағындыратын белестеріміз – алда. Қандай қиын болса да, бәріміз бірге оны міндетті түрде абыроймен атқарамыз. Ортақ мақсатқа жетеміз!», - деп түйіндеді сөзін Тоқаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама