×

Шымкентте таңғы 5-те жұмысқа шығатын автобус жүргізушілері газ құю үшін түнімен кезегін күтеді

Қалада 200-ден астам автобусқа газ құю бекеті жетіспейді

фото: otyrar.kz

Үшінші мегаполисте қоғамдық көліктер оталу үшін түнімен кезекте тұруға мәжбүр. Себебі, қала бойынша жүретін 700 автобус небәрі екі бекеттен газ құяды. Осылайша, жұмысын таңғы 5-тен бастайтын жүргізушілер жұмыстан кейін тағы ертеңгі күннің қамымен жүретінін айтады.

«Кезекте тұрған автобус көп. Бірақ мұнда бар-жоғы сегіз колонка ғана бар. Ол бәріне жетпейді. Жүргізушілердің бәрі үйіне ерте қайтқысы келеді. Кейде қатты шаршап тұрғанда осындағы жігіттерге сеніп тапсырып кетеміз. Соның өзінде үлгермей жатады. Тағы да қосымша бекеттер салса болады емес пе?», - дейді Бағдат Салықбай есімді автобус жүргізушісі.

2020 жылы Шымкентте газбен жүретін 500-ден астам автобус сатып алынған. Оның алдында сатып алынған қоғамдық көліктерді есепке алсақ, жалпы саны 700-ге жуықтайды. «Атамекен» палатасының өңірлік көлік және логистика кеңесінің төрағасы Елікбай Тоқбергеновтің есебінше, дәл қазір Шымкентте 200-ге жуық автобусқа бекет жетіспейді.

Жасыратыны жоқ, біздегі метан газын құятын екі бекет барлығын қамтып үлгермей жатыр. Негізі, жүргізушілер бұлай кезек күтіп уақытын жоғалтпауы керек. Газын құйып, үйіне ерте барып тынығуға тиіс. Өйткені таңғы бестен бастап қайта жұмысқа шығады. Жолаушылардың өмірі қоғамдық көлік жүргізушілерінің қолында, - дейді Елікбай Тоқбергенов.

Жолаушылар тасымалына жауапты басқарма өкілдері бұл мәселенің жақын арада шешілетінін айтып, жақында үшінші бекеттің іске қосылатынына сендірді.

«Газ құюда қиындық барын жасырмаймыз. Бұл инвесторлар есебінен жүретін жұмыс. Былтыр бір стансаның өзіне кәсіпкер 2 млн доллар жұмсады. Қазір үшінші бекет салынатын жер дайын. Инвестор қажетті қондырғыларын әкеліп қойды. Жыл соңына дейін іске қосылады. Одан бөлек, қуаттылығын арттыру бойынша тағы бір инвестормен келіссөз жүріп жатыр», - дейді Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мұхтар Қоқанбаев.

Басқарма басшысының орынбасары жоспарда газ құятын бекеттердің санын бесеуге жеткізу ойда барын айтады. Алайда, таңғы бестен бастап жұмысқа шығатын автобус жүргізушілері жыл соңына дейін төзуге мәжбүр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама