×

Аграрлық институт ғалымдары биыл жалақы алмаған - депутат

Біз өз ғалымдарымызды аяқтан шаламыз да жүреміз, дейді Ақылбек Күрішбаев

 Ербол Тұрымбет 17.02.2022 | 11:35
фото: ашық дереккөзден

Бүгін Сенат отырысында депутат Ақылбек Күрішбаев елдегі ауыл шаруашылығының ақсап тұрғанын және кедіргінің бәрін министрліктер қолдан жасап отырғанын айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі. 

Оның сөзінше, АҚШ, Канада, Авcтралия, Ресей мен Беларусьтің Ауыл шаруашылығы министрліктерінде сараптамалық-зерттеу институттары, ақпараттық жүйелер жұмыс істейді. Соның арқасында олар жобалық менеджмент деңгейінде басқару шешімдерін қабылдай алады. 

Ал біз өз ғалымдарымызды аяқтан шаламыз да жүреміз. Былтыр конкурстың уақытылы өтпеуінен Аграрлық ҒЗИ ғалымдары 8 ай бойы қаржыландырусыз отырды. Ал жыл басынан бері тіпті жалақысын да алмаған, - дейді Күрішбаев. 

Сонымен бірге, депутаттың айтуынша, Қазақстанның оңтүстігінде биыл да суармалы сумен проблема болатыны көрініп тұр. Солтүстікте көпжылдық көрсеткіштермен салыстырғанда топарықтағы күзгі ылғал қоры 10-15%-ға төмен. Оған қоса, биыл көптеген шаруашылық тауар өндірушісі егістіктерге қар тоқтату шарасын ұйымдастыра алмаған.

Бұл мәселелер көктемде топырақтың ылғалдылығына кері әсерін тигізетіні анық. 

«Көктемгі егіс жұмыстарын несиелеуге бюджеттен биыл да былтырғыдай 70 млрд теңге қарастырылған. Аграқұрылымдардың қаржылық жағдайын ескеріп, көктемгі егістік жұмыстарын сапалы өткізу үшін несиелендіру көлемін 140 млрд теңгеге дейін жеткізуді қажет деп санаймыз», – деді ол.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама