×

Смайылов пен Аймағамбетовтің баласы тегін мектепте оқиды

Ажар Ғиният пен Мәдина Әбілқасымова ақпарат беруден бас тартты

 Ая Өміртай 01.09.2022 | 14:24
Коллаж: Halyq Uni

Halyq Uni тілшісі мемлекеттік қызметтегі тұлғалардың балалары қандай мектепте оқиды деген сауалды бұдан бұрын да тиісті ведомстволарға жолдаған болатын. Бұған дейінгі шенеуніктердің жауабын мына сілтемеден оқи аласыздар.

Әлбетте, редакция шенеуніктерден балаларының қай мектепте оқитынын атын атап, түсін түстеп көрсетуді сұрап отырған жоқ. Сұрақ өте қарапайым: тегін мектепте ме, әлде ақылы жеке меншік мектепте оқи ма?

Үкімет мүшелерінің бұл жолғы жауаптары тіптен қызық естілді. Олардың арасында жауаптан жалтарғандар жеке басының құпиясына сілтесе, ағынан жарылып шынайы жауап бергендер де табылды.

СМАЙЫЛОВТЫҢ МЕКТЕП ЖАСЫНДАҒЫ ЕКІ БАЛАСЫ БАР

Мәселен, Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың мектеп жасындағы екі баласы бар.

Премьер-министрдің кеңсесі жолдаған ресми жауапта Смайыловтың балаларының коммерциялық емес дербес білім беру ұйымында оқитыны айтылған.

Ал Қазақстанда мұндай дербес білім беру ошағы – біреу, яғни Назарбаев зияткерлік мектептері.

АЙМАҒАМБЕТОВТІҢ БАЛАСЫ ЖАЛПЫ БІЛІМ БЕРЕТІН ОРТА МЕКТЕПТЕ

Министрлер арасында Асхат Аймағамбетов баласының ел қатарлы мемлекеттік жалпы білім беретін мектепте оқитынын біраздан бері айтып келеді. Бұл жолы да осы жауапты нақтылады. 

«Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтің мектеп жасындағы бір баласы бар, ол мемлекеттік жалпы білім беретін орта мектепте оқиды», – делінген ресми жауапта.

Ал Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова жеке бас құпиясына алға тартып, жауап беруден бас тартты.

ЖАУАПТАН ЖАЛТАРЫП КЕТКЕНДЕР

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымова да баласының тегін, әлде ақылы оқитындығын «жеке басының құпиясына» жатқызуды жөн санаған.

Сол сияқты Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың да қысқа-нұсқа берген мардымсыз жауабынан балаларының тегін, әлде ақылы мектепте оқитынын біле алмадық.

«Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният балалары туралы мәліметтің мемлекеттік мүддеге қатысы жоқ екенін ескеріп, балаларының қауіпсіздігі үшін мұндай мәліметті жария етпеу құқын өз еркіне қалдыратынын жеткіземіз», – делінген ведомствоның баспасөз қызметі жолдаған жауапта.  

Елдегі орта білім жүйесіндегі жалпы білім беретін мемлекеттік мектептер мен жеке меншік мектептер арасында, сондай-ақ қала-ауыл бөлінісіндегі мектептер арасында теңсіздіктер айтарлықтай терең. Сондықтан оқу процесін, жалпы білім беретін мекемелердегі оқу процесін жақсартуға ең алдымен халық есебінен күн көріп отырған мемлекеттік қызметшілер мүдделі болуға тиіс.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама