×

Көпбалалы Көлгінов. Министр Қуантыров үйленбеген. Шенеуніктердің балалары қайда оқиды?

Нұр-Сұлтан әкімінің тұңғыш баласы аралас ақылы мектепке барады

 Ая Өміртай 22.08.2022 | 12:48
Коллаж: Halyq Uni

Елдегі орта білім жүйесіндегі теңсіздік мектеп түрлерінің бөлінісінен көрінеді. Halyq Uni тілшісі мемлекеттік қызметтегі тұлғалардың балалары қандай мектепте оқиды деген сауалды бірқатар шенеунікке жолдады.

Алғашқылардың бірі болып елорда әкімдігі баспасөз қызметінен жауап келді.

Ресми жауапқа сүйенсек, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің бес баласы бар. Көпбалалы әкенің тұңғыш баласы елдегі ақылы лицейлердің бірінде оқиды.

«Қала әкімі Алтай Сейдірұлының тұңғышы грантта аралас оқу ақысы төленетін мектеп-лицейлердің бірінде, одан кейінгі екі бала қаладағы жалпы білім беретін мемлекеттік орта мектепке және екі кіші баласы мемлекеттік балабақшаға барады», – делінген ресми жауапта.

Ал Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі ведомство басшысы Әлібек Қуантыровтың үйленбегенін және балалары жоқ екендігін мәлімдеді. Бойдақ министрдің жасы 38-де.

Сол сияқты Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың да мектеп жасындағы балалары жоқ деген жауап алдық.

Ал Үкімет басшысы Әлихан Смайылов, Ажар Ғиният, Асхат Аймағамбетов, Бағдат Мусин, Дәурен Абаев сынды бірқатар Үкімет мүшелері «балаңыз жеке меншік мектепте оқи ма, әлде жалпы білім беретін мемлекеттік орта мектепте оқи ма» деген редакция сауалына әзірге жауап бермеді.

Айта кетелік, мектептегі оқушылардың мүмкіндіктер теңдігін реттеу үшін жүйелі шаралар қажеттігі айтылып келеді. Алайда жеке меншік ақылы мектептер мен мемлекеттік тегін мектептер арасындағы білім беру жүйесі мен сапасында айтарлықтай алшақтық бары екені жиі сөз болады.

Мәселен, мегаполис санатындағы астана мен Алматыда 129 жеке меншік жалпы білім беретін мектеп бар. Ең қымбат мектепте бір оқушыға айына 1,1 миллион теңгеге дейін барады.

Жеке меншік мектептер туралы сөз еткенде жоғары білім министрі Саясат Нұрбек туралы айтпасымызға болмайды. Журналист Гүлбану Әбенова министрдің балалары шетелде, Кипрдегі британ мектебінде оқитынын, шенеуніктің жыл сайын мектепке 9 млн теңге төлейтінін жазған еді.

Үкімет кулуарында ол журналистерге балаларының 26 маусымда елге келетінін айтқан.

«Балаларым қарапайым мектепке оралады. Ол жайлы да фотомен есеп беремін, сол себепті менің әл-ауқатым мен балаларым үшін уайымдамаңыздар», – деп жауап берді Саясат Нұрбек.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама