×

Жыл басынан бері көпбалалы отбасылар 116 млрд теңгеден астам жәрдемақы алды

Төлем мөлшері бала санына қарай есептеліп төленеді

 Динара Амантай 11.04.2024 | 11:00
Фото: Halyq Uni

2024 жылдың басынан бері көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақымен орта есеппен 577,4 мың отбасы қамтылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жәрдемақының жалпы көлемі 116,6 млрд теңге болған. Оның ішінде наурызда 583,1 мың отбасыға 39,4 млрд теңге мөлшерінде жәрдемақы төленді.

Бұл мемлекеттік жәрдемақыға 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасылар табысына қарамастан үміткер бола алады.

Төлем мөлшері бала санына қарай есептеліп төленеді және 2024 жылы:

  • 4 баласы бар отбасыларға – 16,03 АЕК немесе 59 мың 183 теңге;
  • 5 балаға – 20,04 АЕК немесе 73 мың 988 теңге;
  • 6 балаға – 24,05 АЕК немесе 88 мың 793 теңге;
  • 7 балаға – 28,06 АЕК немесе 103 мың 598 теңге;
  • 8 және одан да көп баласы бар отбасыларға – әр балаға 4 АЕК немесе 14 мың 768 теңге мөлшерінде төленеді.

Айта кетсек, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап балалы отбасыларға тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 7% артқан. Биыл көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы төлеуге 474,8 млрд теңге қарастырылған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама