×

Қазақстанда 8,1 мың бас мал суға кетті: өтемақы және нарықтағы баға

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, өңірлерде мал бағасы әртүрлі

 Айнұр Шошаева 11.04.2024 | 10:20
көрнекі фото: Halyq Uni

Су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде мал шығыны үшін өтемақы нарықтағы баға бойынша берілетіні айтылды. Елдегі малдың нарықтағы бағасы әр өңірде әртүрлі, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, су тасқыны болған аймақтарда 88 мыңнан астам мал қауіпсіз жерге шығарылған. Сондай-ақ соңғы дерекке сүйенсек, 8,1 мың бас мал суға кеткен. Оның ішінде ұсақ мал – 6 мың, ірі қара – 1,5 мың, жылқы басы – 514. Қазір республикалық эпизоотияға қарсы отряд малдың өлексесін жоюмен айналысып жатыр. Бүгінде 4,1 мың бас малдың өлексесі жойылған.  Бұған қоса, министрлік өлген малдың иелеріне өтемақы төлеу алгоритмі әзірленгенін хабарлады.

«Меншік иелері мен залалды анықтау және басқа да мәселелерді шешу үшін өңірлерде жергілікті атқарушы органдармен шығынды анықтау жөніндегі комиссиялар құрылды. Су тасқыны салдарынан қырылған малдардың иелері малдары туралы мәліметтерді көрсете отырып, жергілікті комиссияға өтініш беруі керек. Меншік құқығы комиссиялардың актілерімен расталады. Ал меншік иелеріне өтемақы Ұлттық статистика бюросы жариялаған талапқа сай беріледі», - деді министрлікте.

Осыған орай, «Қазақстанда малдың нарықтағы бағасы қандай?» деген сұрақ туындайды. Ұлттық статистика бюросының 2024 жылдың наурыздағы мәліметінше, еліміздегі ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің орташа бағасы тоннасына ірі қара мал үшін 962 753 теңге, жылқы – 1 092 296 теңге, түйе – 1 061 900 теңге, қой-ешкі – 947 454 теңге, үй құстары – 869 016 теңге.

Сондай-ақ Ұлттық статистика бюросы төрт түліктің жасына қарай нарықтағы бағасын да көрсеткен.

Мәселен, сауын сиырдың бағасы 369 656 теңге, сойылатын сиыр құны 374 271 теңгені құраған. Бұқа басы 409 972 теңге болса, өгіз басы – 426 767 теңге. Ал бұзаудың құны 161 467 теңгені құрайды.

Сондай-ақ дөнен және 3 жастан асқан жылқы басы 531 275 теңге, құнан – 388 984 теңге, жабағы мен тай басы – 267 913 теңге болып бекітілген.

Түйенің бағасы көрсетілген: інген – 708 442 теңге, бура – 728 639 теңге, бота-тайлақ – 422 995 теңге. Сонымен қатар ҰСБ қой мен ешкінің нарықтағы орташа бағасын атады. Атап айтқанда, қой – 63 001 теңге, қошқар – 69 312 теңге, тоқты – 46 304 теңге, марқа – 440 820 теңге, қозы – 29 581 теңге болса, ешкі – 38 517 теңге, лақ басы 21 898 теңгені құрайды.  

Айта кетейік, бұл республика бойынша орташа баға. Өңірлерде мал бағасы әртүрлі. Мысалы, су тасқынынан зардап шеккен Ақтөбе облысында сауын сиырдың құны 409 354 теңге болса, Атырау облысында 458 258 теңге, ал Батыс Қазақстан облысында 429 607 теңгені құрайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама