×

Жемқорлыққа қарсы ұлттық желі: азаматтық қоғамның күш-жігерін біріктіру ұсынылды

Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа ұйым пайда болды

 Ая Өміртай 12.03.2024 | 16:49
фото: Halyq Uni

Бүгін Астанада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық желінің бірінші отырысы өтті, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық желі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте тәжірибесі бар қоғам қайраткерлері мен үкіметтік емес ұйымдар тобы. Президиум төрағасы болып ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бұрынғы төрағасы Алик Шпекбаев, оның орынбасары болып «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дидар Смағұлов сайланды.

Ұйымның міндеті – мемлекеттік және квазимемлекеттік органдардың жұмысында ашықтыққа қол жеткізу, бизнестің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды ұйымдастыру, құқықтық актілерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізу, қоғамдық бақылау арқылы бюджеттік бағдарламаларға мониторинг жүргізу және т.б.

Жиынға қатысушылар күн тәртібінде ұйымның алдағы қызметін талқылай отырып, мәселені зерттеу және оны қарау қағидалары туралы айтты. Олар мемлекеттік және квазимемлекеттік органдардың жұмысында ашықтық пен жариялылыққа қол жеткізу, бизнестің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды ұйымдастыру, құқықтық актілерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізу, қоғамдық бақылау арқылы бюджеттік бағдарламаларға мониторинг жүргізу міндеттерін қойды.

ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ АРНАЙЫ ӘДІСТЕМЕ

Біз бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық желінің алғашқы ресми отырысын өткізіп отырмыз. Жұмысымыздың басты мақсаты – сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеуді қалыптастыру арқылы Қазақстан халқының өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал ету, - дейді отырыс модераторы Зәуреш Баталова.

Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорының президенті Зәуреш Баталованың айтуынша, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық желі арқылы қолданыстағы заңнама саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптаманы насихаттауды белсенді түрде дамытуды қолға алмақ.

«Осы мақсатта біздің желіде сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізу бойынша оқытуды жаңартып, кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Біріншіден, барлық мүдделі сарапшылар, құқық қорғаушылар, заңгерлер, екіншіден, қоғамдық ұйымдар мен бизнес құрылымдардың өтініштері, үшіншіден, студенттер. Атап айтқанда, бірнеше жоғары оқу орындарымен меморандумға қол қойдық. Осы жоғары оқу орындарының базасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптаманың әдістемесін білетін жас заңгерлер құқық қорғау ортасына енуі үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама бойынша оқыту курсын құрғымыз келеді. Бұл қалай көмектеседі? Біріншіден, олар қандай қызметпен айналысса да, мейлі ол – құқықтық қорғау болсын, мейлі адвокаттық болсын, әрқашан нормативтік құқықтық актілермен жұмыс істейді. Олар әділ, еркін кәсіпкерлік үшін қандай заң нормалары жүретінін әдістеме бойынша қадағалайды», - деп атап өтті Зәуреш Батталова.

Оның айтуынша, олар әзірлеген әдістемеде – 37 тәуекел факторы бар. Оның 19-ы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің әдістемесіне енгізілген.

«СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕСУ – АЗАМАТТЫҚ МІНДЕТ»

Президиум төрағасы Алик Шпекбаев қоғамда жемқорлықты болдырмау және қабылдамаудың маңызына тоқталды.

«Қоғам белсенділерімен және үкіметтік емес ұйымдарға алғыс білдіремін. Мені қолдағандарыңыз үшін көп рақмет, бұл – мен үшін үлкен жауапкершілік. Қай жерде қандай қызметте істесек те, ең бірінші талап – адалдық, әділдік, шындық. Менің ойымша, қоғамымызда осы қағидаттар сақталуға тиіс. Көбіңізді танимын, жұмысты бірге жалғастырсақ, жемқорлық деңгейін төмендетуге мүмкіндігіміз бар. Қазірдің өзінде жемқорлық деңгейін төмендету қажет. Қоғамдық қозғалыстың ең басты мақсаты – Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаты мен тұжырымдамасын тиімді іске асыру, халықтың әл-ауқатын жақсарту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы нөлдік төзімсіздікті, күшті иммунитетті қалыптастыру, жемқорлықты болдырмау және қабылдамау. Осы бағытта біз қызметімізді жалғастырамыз. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы кешенді күресу үшін жемқорлықтың ерте алдын алу. Екіншіден жемқорлық мәселесінің алғышарттарын, кедергілерін және тәуекелдерін терең зерделеу арқылы, түбгейлі жою. Үшіншіден, қоғам санасын өзгерту. Осы жолда барлығымыз атсалысуымыз керек», - деді Алик Шпекбав.

Президум басшысы жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша шараларды жүйелі және бірізді іске асыру үшін қалыптасқан тәжірибе мен озық халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәжірибелерді тартуды ескеру қажеттігін атады.

«Парасат, адалдық қағидаларын енгізу өте маңызды. «Адалдық – шындықтың төресі» дейді. Мәдениетті құндылықтарды дамыта отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ағартушылық пен тәрбиелеу ісін алға шығарсақ дейміз. Барлығы бір-бірімен тығыз байланысты. Сондықтан мемлекеттік органдармен бірлесіп, тығыз жұмыс істесек деймін. Мемлекеттік және жергілікті бюджет органдарының жұмысы, ашықтығын көрсету, оның ішінде мемлекеттік сатып алу, цифрландыру саласы дегендей біршама бағытта жұмыс істеуге ден қойып отырмыз. Уәкілетті орган өз қызметін тиісті деңгейде атқарып келе жатыр. Сыбайлас жемқорлықпен күресу – азаматтық міндетіміз», - деп түсіндірді Алик Шпекбаев.

80 ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ҚОЗҒАЛҒАН

Қоғамдық мониторинг мәселесі сөз болғанда, «Әділдік жолы» РҚБ атқарушы директоры Дидар Смағұлов осыған дейінгі атқарылған жұмыстар ретін таныстырды. Оның айтуынша, қоғамдық бірлестік негізгі төрт бағыт бойынша жұмыс істеп келеді.

Бірінші бағыт: лыққа тегін кеңес беру, заңды көмек көрсету, құқықтарын қорғауға атсалысу. Екінші бағыт – бюджет қаржысына мониторинг жасау. Үшінші бағыт – сыбайлас жемқорлыққа әкелетін себеп пен салдарды жою. Төртінші бағыт – сыбайлас жемқорлыққа қарсы әдістерді іске асыру. Ұлттық желі еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылмен айналысатын барлық үкіметтік емес ұйымдарды біріктіреді. Әрқайсысы әр салада жұмыс істеп келе жатыр. Мысалы, «Әділдік жолы» бірлестігі үш жылдан бері, сол сияқты өзге де әріптестеріміздің бес жылдан астам тәжірибесі бар.  

Мемлекет басшысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы нақты саясаты бар. Осы мақсатты уәкілетті органға көмектесе отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы желі құрып отырмыз. Алик Жатқамбайұлы мол тәжірибесін осы мақсатта іске асырады деп сенеміз, - деп атап өтті Дидар Смағұлов.

Дидар Смағұловтың айтуынша, «Әділдік жолы» ұйымының бастамасымен мемлекеттік сатып алу бойынша 40 млрд теңге үнемделген, сонымен қатар заңсыз пайдаланылған 548 млн теңге бюджетке қайтарылған. Ең бастысы 80 қылмыстық іс қозғалған. Ол әрбір қазақстандық сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрып, мемлекет қаржысының қайда жұмсалып жатқанын бақылай алатынын атап өтті.

«Сондай-ақ, халықтың сенім артуының арқасында жағдайды ішінен зерттеп, уәкілетті органға жолдауға мүмкіндігіміз бар. Былтыр білім саласында бірнеше миллиард қаржыны жымқыру әрекеті болған кезде, біздің ұйымға сондағы мұғалімдер тарапынан хабарланған болатын. Осы деректі пайдаланып, талдау жүргізіп, сосын Антикор қызметіне жолдадық. Ал құзырлы орган тиісті процесуалдық шешімді қабылдайды. Қазір өздеріңізге мәлім, елімізде «Қоғамдық бақылау туралы» заң күшіне енді.

Ең бірінші басымдық беретін сала – мемлекеттік сатып алу. Өйткені елімізде жылдап 10 трлн теңге бөлінгенімен, оның жемісін көре алмай отырмыз. Халық тарапынан да наразылық бар. Жолдар, мектептер салынуы өте маңызды. Елімізде өзекті мәселенің бірі – жылу электр стансалары. Арқалық қаласында біздің арызымыз бойынша Антикор мен Прокуратура қызметінің қозғауымен екі қылмыстық іс қаралып жатыр. Бөлінген қаржы дұрыс игерілмеген. Сондықтан осындай деректерді еліміздің барлық облыстары бойынша қадағалайтын боламыз», - деді Дидар Смағұлов.

Кездесу аясында қоғамдық бақылаудың қажет екені талқыланып, сондай-ақ еліміздегі білім беру, құрылыс, отын-энергетика кешені сияқты салаларда жемқорлық ең жиі орын алатыны айтылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама