×

Қазақстанда әскери қызметшілердің зейнет жасы бес жылға дейін ұлғаяды

Қорғаныс министрлігі Зейнетақы орталығының басшысы брифинг өткізді

 Ербол Тұрымбет 30.05.2022 | 09:27
көрнекі фото: ашық дереккөзден

Қазақстандағы әскери қызметкерлердің зейнет жасын ұлғайтады. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі Зейнетақы орталығының басшысы Қайыржан Бимолдин мәлімдеді.

«Зейнеткерлік жас әскери қызмет туралы заңда белгіленген жас шегіне тікелей байланысты. Биыл әскери қызмет туралы заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, қызмет мерзімін бес жылға дейін ұлғайту, осыған байланысты зейнеткерлікке шығу туралы ереже енгізілді. Осыған байланысты әскерилердің зейнет жасы бес жасқа дейін ұлғайтылады», - деді Қайыржан Бимолдин Қорғаныс министрлігінде өткен брифингте.

Қайыржан Бимолдин әскери қызметкерлердің зейнетақысы қалай өсетінін де айтты.

«Зейнетақы мөлшері әскери қызметшінің еңбек өтіліне тікелей байланысты. Егер әскери қызметші 25 жыл қызмет өткерген болса, онда оған ең төменгі зейнетақы 50 пайыз, қызмет өткеру мерзіміне қарай ең көбі 65 пайыз көлемінде белгіленеді. Мысал үшін, 25 жыл 50 пайыз болса, 25 жастан асқан әрбір еңбек өтілі үшін зейнетақыға 2 пайыз қосылады, яғни 30 жыл қызмет еткен сарбазға қазірдің өзінде 60 пайыз төленеді», - деді ведомство өкілі.

Зейнетақы мөлшерін көтеру «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңның 4-бабының 4-тармағында да қарастырылған. Өсу нормасын немесе пайызын республикалық бюджет бекітеді.

Зейнетақы заңнамасындағы негізгі өзгеріс – әскери қызметкерлер мемлекеттік бюджет есебінен ынтымақты зейнетақыға көшеді. Бұрын ол жинақтаушы жүйе есебінен жүзеге асырылатын.

Өткен жылы әскери зейнеткерлерге зейнетақы жинағының бір бөлігін жеткілікті шекке қарамастан 50% көлемінде пайдалану құқығы берілді. Егер әскери қызметшінің 3 миллион теңге жинақ ақшасы болса, онда ол 1,5 миллион теңгені пайдалануға құқылы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама