×

Еліміздегі көліктердің 6% ғана жаңа – депутат

4 млн жеңіл көліктің тең жартысы тозған

 Дәурен Ерболат 27.12.2023 | 16:41
фото: Halyq Uni

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев елімізде неге көлік қымбат екенін түсіндіріп, утилизациялық алымды арзандатуды сұрады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Депутаттық сауал премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолданды.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстандағы автокөліктер адам тасудан әуелде ада болуы керек. Себебі олар әбден тозған. Қазір Қазақстанда 4 млн жеңіл автокөлік, 454 мың жүк көлігі мен 95 мың автобус бар. Стандартқа салсақ, темір тұлпардың талқаны шықпай, жүріп беретін уақыты – ең көп дегенде 10 жыл. Елімізде тіркелген жеңіл автокөліктердің 49%-ның зауыттан шыққанына 20 жылдан асқан, 21%-ына 10 жыл толған. Жаңа деп саналатын 3 жылға дейінгі жеңіл автокөліктердің үлесі – елімізде 6% ғана. Осыдан-ақ Қазақстандағы автопарктің мүшкіл жағдайын білуге болады, - деді Нартай Сәрсенғалиев.

Елімізде 4 млн жеңіл көліктің тең жартысының жолда жүргеніне 20 жыл болған. Депутаттың пікірінше, жаңа автомобиль алуға ақылға сыймайтын кедергілер қойылған. 

«Қазақстанға шетелден автокөлік әкелу үшін бірнеше төлем жасау керек.
Біріншіден, көлік бағасының 12% болатын қосымша құн салығын төлеу керек. 
Екіншіден, автокөлік бағасының 15%-ға тең мемлекеттік бажын төлеу керек.
Үшіншіден, сәйкестендіру сертификатын төлеу керек. Шетелден қандай автокөлік әкелсең де, олардың Қазақстандағы диллерлерінен сертификат алу шарт. Оның құны – 60 мың теңгеден 140 мың теңгеге дейін. 
Төртіншіден, кедендік алым төлеу керек: шамамен 20 700 теңге. 
Бесіншіден, автокөлік қозғалқышының көлеміне қарай утилалым төлеу шарт. Ол 258 750 теңгеден басталып, қымбаттай береді. 

Қозғалтқыш көлемі 3-тен асса, 1 983 750 теңге төлеу керек. Оған қоса шамамен 350 мың теңге акциз төлеу қажет болады», - деді ол.

Сондай-ақ Нартай Сәрсенғалиев көліктің шығарылған жылына қарай төлем салынатынын да еске салды.

«Оны «Первичка» дейді. Егер Қазақстанға әкелінген көліктің шығарылғанына 3 жылдан асса, тағы 1,8 млн теңге төлеу керек. Оған СВХ мен порттың және брокерлердің ақшасын қосыңыз. Осынша міндетті төлемнің салдарынан шетелдегі сапалы автокөлікті Қазақстан азаматтары әкеліп, міне алмайды. Мұндағы басты проблема – кедендік сетка. Мына құжатта Қазақстанға кіретін барлық автокөліктің ең төменгі бағасы белгіленген. Мысалы, Қазақстандағы су жаңа Hyundai Elantra көлігінің құны ресми сайтта 11 млн теңгеден басталады. Шетелде сол автокөлікті кемінде 2 есе арзанға алуға болады. Бірақ кедендік сеткада аталған көліктің бағасы 13 800 доллар деп бекітілген. Сіз оны шетелден 10 000 долларға сатып алсаңыз да Қазақстанға тек 13 800 доллар деген бағамен кіреді. 

Ең сорақысы, таусылмайтын төлемнен арылу үшін шетелден алған автокөліктерін алдымен Қырғызстанға әкеліп тіркейді. Ол жақтағы төлем бізден 2 есе аз. Сосын Қазақстанға кіргізеді. Осылайша, біз өз қолымызбен өзге елдің бюджетіне қаржы құйып отырмыз. 2023 жылдың қаңтары мен сәуірі аралығында Қырғыз еліне 41 мың автокөлік кірген. Кейін соның біраз бөлігі біздің елге өткен деп жазылған ашық дерекөзде. Осылайша, Қазақстан азаматтарын жақсы көлік міну құқығынан қағып және қазынаға түсуге тиіс қыруар қаражаттан да айрылып отыр, - деді депутат.

Осыған байланысты ол қазақстандықтардың 3 талабын айтты:

  • Қазақстанға шетелден кіргізілетін автокөліктердің шектік құны бекітілген кедендік сетканың бағасын төмендету;
  • Алғашқы тіркеу бағасын түсіру. Қазір Қазақстанға әкелінетін көліктердің шыққанына 3 жылдан асса оған 1,8 млн төлеу міндетеледі. Осы мерзімді 7 жылға дейін созу;
  • Утилалымның бағасын төмендету.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама