×

«Түскен табысты қалтасына басып келді»: Қазақстан делдал компанияларға шектеуді күшейтті

Қаржы министрі делдал компаниялар заңның осал тұсын пайдаланып келгенін айтты

 Дәурен Ерболат 13.12.2023 | 13:25
Ерұлан Жамаубаев, фото: Halyq Uni

Премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев «Трансферттік баға белгілеу мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы аясында заңсыз жолмен пайда табуға тосқауыл қойылатынын айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Министрдің пікірінше, елімізде капиталды заңсыз иемдену немесе сыртқа шығаруға қарсы кешенді жұмыс атқарылып жатыр.

Оның аясында трансферттік баға белгілеуді бақылау ескерілген. Бүгін Мәжілісте «Трансферттік баға белгілеу мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Заң аясында қосымша делдалдардың пайда болуына шектеу қоямыз, - деді вице-премьер.

Ерұлан Жамаубаев мұндай делдалдар көп жағдайда шетелде құрылатынын атап өтті.

«Олар бізден алған шикізаттық тауарларды төмен бағамен шығарып, шетелде жоғары бағаға өткізеді. Осылайша, түскен табысты қалтасына басып келді. Бұл деректерді салық бойынша тексерулер кезінде анықтадық. Заң жобасын бір жыл бойы бизнестің және мемлекеттік органдардың өкілдерімен талқылап, бұл құжат Мәжілістің бірінші оқылымында мақұлданды. Құжат қабылданса, республикалық бюджетке қосымша 50-100 млрд теңге сомасында қаражат түседі деп санадық. Әрине, заң талаптарын барлығы орындаса, Қаржы министрлігі жағынан ешқандай қудалау болмайды», - деді Ерұлан Жамаубаев.

Қаржы министрі тауарларды Қазақстанда арзанға алып, шетелге қымбатқа сатқан компаниялар барын атап өтті. Бірақ олардың атын атамады.

«Пайда көрген ұйымдардың тізімі бар. Біз салық саласындағы құпия норма аясында ол компанияларды атай алмаймыз. Себебі олар айыппұлын толық төледі. Егер олардың атауын жарияласақ, ол компаниялардың беделіне нұқсан келеді.

Бұл компаниялар халықаралық дәрежеде жұмыс істеп жатыр. Былтыр олардан 50-70 млрд теңгеге дейін қаражатты өндіріп алдық. Осы компаниялар сыртқы трейдерлермен қарым-қатынаста трансферттік баға белгілеу кезінде айырмашылық болған. Мұндай әрекетке қолданыстағы заң мүмкіндік берген, ал енді жаңа заң бойынша осы іс-қимылдар шектеледі», - деді вице-премьер.

Бұған дейін депутат Бақытжан Базарбек жыл сайын Қазақстаннан 200 млн доллар офшорға шығарылатынын айтқан еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама