×

Қазақстандық кәсіпкерлер мораторий бітеді деп алаңдап отыр – Ринат Зайытов

Депутат сауалына Ұлттық экономика министрі жауап берді

 Дәурен Ерболат 08.11.2023 | 11:15
фото: Halyq Uni

Қазақстандық кәсіпкерлер шағын және орта бизнесті тексеруге жарияланған мораторий бітеді деп қорқып отыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ринат Зайытов кәсіпкерлердің мәселесін көтерді.

«Құрметті Әлібек Сәкенұлы, бізге көп өтініш түседі. Қателеспесем, 2019 жылы шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий жарияланды. Шағын және орта бизнестің осы мүмкіндікті пайдаланып дамуына біресе пандемия, біресе инфляция кедергі болды. Қазір олар екі көзі бақырайып, «Бізді қайта тексере бастайды» деп қорқып отыр. Сіз тексеру қалай болатынын білесіз. Анау келіп бір пара сұрайды, мынау келіп бір пара сұрайды. Біріншіден, осы жағынан шағын және орта бизнесті қолдауға қатысты қандай іс-әрекеттер жасалады?

Екіншіден, өзіңіз білесіз, ауылдағы халық мал бағады. Олар малдың етін сатайын десе, дұрыс бағамен сата алмайды. Не тері, не жүн өңдей алмайды. Ет өнімдерін өңдеп сата алмайды. Осы бағытта қандай бағдарлама бар?», - деп сұрады депутат.

Сұраққа Ұлттық экономика министі Әлібек Қуантыров жауап берді.

«Жыл соңына дейін тиісті мораторий микро және шағын бизнеске ұзартылды. 2024 жылғы 1 қаңтарынан бастап Үкімет 70 қадағалау саласында тәуекелді басқару жүйесін енгізді. Осындай физикалық тексерулер тиісті автоматтандырылған, жасанды интеллекпен анықталады. Ол адамның қатысуынсыз жүреді. Сондықтан физикалық тексерулер жайдан жай белгіленбейді. Заңдар бойынша осындай тексерулер 2 есе қысқартылады, ал субъектілердің әкімшілік жауапкершілікке тартылуы бірнеше есе қысқартылады. Әрине, осындай бақылау өз күшінде қалады», - деді министр.

Ведомство басшысы ауыл шаруашылығы өнімдерін тексеру маңызды екенін атап өтті.

Ауыл шаруашылығында ет пен өзге өнімдерді міндетті түрде тексеру керек. Мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің тексеруді өткізуге болады, - деді Әлібек Қуантыров.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама