×

Заңсыз шығарылған активтер әйелдердің зейнет жасын төмендетуге жұмсала ма?

Қоғамдық қозғалыс осындай ұсыныс жасады 

 Ербол Тұрымбет 30.10.2023 | 09:41
Фото: Halyq Uni

Әйелдердің зейнет жасын 58-ге түсіру жөніндегі республикалық әйелдер қозғалысы премьер-министр орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевпен кездесіп, Заңсыз алынған активтерді қайтару жөніндегі арнаулы мемлекеттік қор қаражатынан әйелдердің зейнет жасын төмендетуді ұсынды. 

Әйелдер қозғалысының заңгері Төлеген Хасеновтің айтуынша, не Үкімет, не Денсаулық сақтау министрлігі әйелдердің 50 жастан кейінгі жұмысқа қабілеттілігі туралы бір де бір зерттеу жүргізбеген. 

Оның айтуынша, Қазақстаннан заңсыз алынған шамамен 24 трлн теңге активтің әзірге тек 1,8 трлн теңгесі ғана қайтарылған. Сондықтан сол қаржыдан бөлсе, бюджетке ауыртпалығы сезілмейді. 

Оның үстіне, әйелдер зейнеткерлікке шыққаннан кейін зейнетақысының бір бөлігін БЖЗҚ-нан алып отырады. Қазір осы жүйеге қатысып жатқан 60 жастағы әйелдердің арасында ең көп жинағандары ары кеткенде 6 млн теңге ғана. Ал жинақтың шекті мөлшері 9 млн теңге болу керек.

Қозғалыс өкілдерінің айтуынша, Қазақстандағы әйелдердің орташа жасы 2021 жылы 74 болса, бүгінде 71,2 жасқа дейін түскен.

Айта кетерлігі, жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың 26 желтоқсанында әйлдердің зейнеткерлікке шығу жасын 5 жыл бойы 61 жас деңгейінде ұстап тұру туралы заңға қол қойған еді. Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, сол бесжылдық мораторийдің өзіне қосымша 840 млрд теңге бөлінген. Бірақ аталған қор қаражаты әйелдердің зейнет жасын төмендетуге қолдану мәселесіне нақты жауап бере алмады. Тек оны есептеп көру үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне ұсынатынын жеткізді.  

Сонымен қатар, кездесуде әйелдер қозғалысы осыған дейін де көтеріп жүрген мына мәселелерін тағы да еске салды:

  • Жалпы жұмыс өтілі 30 және одан да асатын әйелдерге 58 жаста толық зейнетақыға мерзімінен бұрын шығу құқығын қарастыру.
  • 6 айдан 12 айға дейін жұмыссыз ретінде тіркелген және тұрақты жұмысқа орналаспаған әйелдерге, сондай-ақ «жеңіл еңбек» бойынша бос жұмыс орындарының болмауына байланысты «күміс жас» жобасы асында 58 жаста толық зейнетақыға мерзімінен бұрын шығу құқығын қарастыру;
  • Бар қайратымен жұмыс істеуге мүмкіндік бермейтін түрлі ауруы бар (мүгедектік тобы бары да, жоғы да) әйелдерге «жеңіл еңбек» бойынша бос жұмыс орындарының болмауына байланысты 58 жасында толық зейнетақыға мерзімінен бұрын шығу құқығын қарастыру.
  • Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес «көпбалалы отбасы» мәртебесі бар, 4 баланы дүниеге әкелген (асырап алған) және оларды 8 жасқа дейін тәрбиелеген ата-аналарға 58 жаста толық зейнетақыға мерзімінен бұрын шығу құқығын қарастыру.
  • 1-3 топтағы мүмкіндігі шектеулі (мүгедектігі бар) балаларды 8 жасқа дейін өмір бойы тәрбиелеп отырған ата-аналарға 58 жасында толық зейнетақыға мерзімінен бұрын шығу құқығын қарастыру.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама