×

Ауыл тұрғыны Youtube-тағы жарнамаға сеніп, 9 млн теңгеге жуық ақшасынан айрылып қалды

Алаяқтар оған 1 ай бойы үнемі қоңырау шалып, шотына пайыз түсіп жатқанына сендірген

 Еркеғали Болатұлы 08.10.2023 | 14:46
фото: Halyq Uni

Ақмола облысының тұрғыны «криптовалютаны қайта сату үшін» алаяқтарға миллиондаған теңге берген.

Ауылдың 37 жастағы тұрғыны YouTube-тан криптовалютаны қайта сатып, ақша табуға болады деген қаржы компаниясын көрген. Ол бірнеше сілтемелерден өткендіктен, алаяқтар оған бірден хабарласқан. Қаржыны инвестициялау арқылы компаниядан көп дивиденд алуға болатынына сендірген. Ауыл тұрғыны несиеге алынған 2 миллион теңгесін салып жіберген.

Содан кейін алаяқтар оған 1 ай бойы үнемі қоңырау шалып, шотына пайыз түсіп жатқанына сендірген. Тіпті инвестицияны көбейтуін сұраған. Ауыл тұрғыны сеніп, тағы 4 несие рәсімдеп, туыстарынан қарыз алып, барлық ақшасын салып жіберген.

Осылайша, қылмыскерлердің іс-әрекетінен аңғал тұрғынға жалпы сомасы 8,7 миллион теңге залал келіп отыр. Ол полицияға арызды 4 қазанда жазған.

Осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазір жедел-іздестіру және тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама