×

Жамбыл облысында аудан әкімдігі әртістердің қызметіне қомақты ақша жұмсамақ болған

Еріктілердің көмегімен 8 млн теңгеден аса қаражат үнемделді

 Динара Амантай 28.09.2023 | 10:03
Фото: Halyq Uni

Жамбыл облысында аудан әкімдігі бюджет қаражатын негізсіз жұмсамақ болған, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы аясында мемлекеттік сатып алу порталына жүргізілген мониторинг барысында Сарысу ауданының әкімдігі тарапынан жалпы құны 3 млн теңгеге флэш-карталар (SSD, интерфейсі SATA 3.0, сыйымдылығы 8 Тб-дан жоғары) сатып алу жоспарының бекітілгені анықталды. Алайда интернет-дүкенді зерттеу барысында бұл тауарлардың орташа бағасы 500-600 мың теңге аралығында екені белгілі болды.

Осылайша, еріктілердің ұсынысынан кейін Сарысу ауданы әкімдігі тарапынан алдын ала жоспардың көлемі өзгертіліп, 2 млн 464 мың 588 теңге көлемінде бюджет қаражаты үнемделді.

Сонымен қатар, мемлекеттік сатып алулар порталында Сарысу ауданы әкімдігі тарапынан 5 млн 900 мың теңге болатын «Әртістердің қызметтері» атты конкурс жарияланғандығы анықталды. Алайда аталған конкурста ереже талаптарының сақталмауы және бағасының негізсіз жоғары қойылғаны байқалып, волонтерлардың ұсынысынан соң конкурс тоқтатылып, 5 млн 900 мың теңге қаражат бюджетке қайтарылды.

Осылайша, екі конкурс бойынша жалпы көлемі 8 млн 364 мың 588 теңге бюджет қаражаты үнемделді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама