×

Жер астындағы жемқорлық: Алматы метрополитенінде жүздеген миллион «жоғалып кетті»

Метроның ішкі бақылау қызметкерлері деректің бәрін прокурорларға тапсырған

 Ербол Тұрымбет 27.09.2023 | 09:16
Фото: metroalmaty.kz

Алматы метрополитенінде пойыз жабдықтары жиі істен шығады. Себебі негізгі өндірушілерден сатып алынуға тиіс жабдықтар Қытайдан алынады.Оның өзінде ақысы бірнеше есе асыра көрсетіліп, артылған ақшаның ізі жасырылады. Соның кесірінен бюджетке келтірілген шығын көлемі жүздеген миллионмен саналады. Бұл туралы Алматыдағы «Метрополитен» КМК ішкі бақылау бөлімінің басшысы Асқар Жөкеев Санжар Боқаевтың youtube арнасында айтып берді.

Мекемеге бір жыл бұрын келген ол бөлім қызметкерлерімен бірге 2022 жылғы сатып алынған жабдықтарды тексеріп, көптеген заңбұзушылыққа тап болған. Бұл деректің бәрін құзырлы органдарға тапсырған. Осыдан соң оларды метрополитен басшылығы қалайда жұмыстан шығарудың қамына кіріскен.

ҰРЛЫҚТЫҢ БАСЫ – СЕРІППЕ

Жалпы, жабдықтарды Жапониядағы негізгі өндіруші – «Сумито» компаниясынан тікелей сатып алуға тиіс. Бірақ оның орнына Қытайдан және қымбат бағаға алдырып отырған. Ал «Сумито» бізге жауап хат жазып, ол жабдықтарды өзге өндірушілерге патентін бермегенін мәлімдеді, - дейді Асқар Жөкеев.

Мысалы, пойыздарға қолданылатын серіппелерді негізгі өндіруші әрбірін 734 долларға бағалап, Алматыға дейін жеткізіп беруге дайын. Ал басшылар оны қытайлық күмәнді өндірушіден шамамен мың долларға жуық қаражатқа сатып алған. Ол көлік қозғалтқышының серіппесі секілді, бірақ соның үлкен түрі. Ол құрылғыны жапониялық өндіруші құрамына дейін салыстырып отырып, кемшілігін түгел көрсетіп берген.

Метро қызметкерлерінің айтуынша, Қытайдан әкелінгендерінің кепілдік мерзімі 1 жыл болса, ол 3 айда отырып қалған. Сол серіппелер қазір пойыздарда қолданыста. Алда-жалда метро пойызынан ақау шықса, таңқаларлық жайт емес. Ішкі аудит қызметкерлерінің сөзінше, метрополитенге бір ғана серіппеден 137 млн теңге шығын келген. Оны тәуелсіз аудиторлық компания дәлелдеп беріп отыр.

Ең қызығы, метрополитеннің қоймасында осындай серіппелер жатыр. Яғни, метрополитен өздерінде бола тұра, Қытайдан қосымша тағы алдырған.

«БӘРІНЕ ЖОЛ БЕРІП ОТЫРҒАН – БАС ИНЖЕНЕР»

Қызметкерлер осы бейбастақтықтың бәріне жол беріп отырған метрополитеннің бас инженері әрі директордың бірінші орынбасары болып келетін Нұрғали Үсеновті айыптайды.

Тағы бір мысал, пойыздың маңдайында тұратын кішкентай ақпараттық таблоның әрқайсын 4,5 млн теңгеден бесеуін сатып алған. Оның Қытайдағы өндірушісіне хабарластық. Сөйтсек, бағасы ары кетсе 500-700 мың теңге аралығында екен. Тап сол таблолар «Ялян» базарында да толып тұр. Бұлар сол таблоны алып келіп, орнатайын десе, ол жазуларды оқымай қояды. Өйткені, пойыз – кореялық Hyundai Rotem. Бұлар ол үшін бір маман тауып, соған пойыздың бағдарламасын оқитын қосымша құрылғыны дәнекерлеп қолдан жабыстырады, - дейді Асқар Жөкеев.

Айтуынша, соны жасап берген адам да істеген ісін мойындаған, табло Hyundai Rotem-нің бағдарламасын оқу үшін солай істеуге тура келген. Сол қызметі үшін 4 млн теңгеден астам ақы алған. Яғни, жеткізіп беруші пайда қылып тапқан 24 млн теңгесінің 4 млн-ын соған беріп отыр.

МЕТРОДАҒЫ 15 ПОЙЫЗДЫҢ БІР ҚҰРАМЫН ТАРАТЫП ЖІБЕРГЕН

Пойыз құрамына да қатысты қызық жағдай бар. Метрода жалпы саны 15 пойыз құрамы бар, әрқайсында 4 вагоннан. Соның бір құрамын донор қылып таратып жіберген. Ал әрбір пойыз құрамы 8 млн доллардан астам қаржыға сатып алынған. Ал қызық жері, соны таратып, бөлшекке шашып жібергенімен, қоймаға тығып қойған. Яғни, құрамды тарқатып жіберу актісі бар да оның бөлшектерін басқаларына орнату актісі жоқ.

Жалпы, регламент бойынша пойыздар құрамына қызмет көрсетіліп, жабдықталып отыруы керек. Соны заң жолымен істеудің орнына, жаңадан сатып алудың қажеті болмаса да осылай Қытайдан сатып алдыра берген, ал қоймада тауар толып тұр. Нәтижесінде пойыз тоқтап қала береді.

Ұрлық жағдайы мұнымен де бітпейді. Әр вагондағы мүгедек жандарға арналған орындық, пойыз машинисінің креслосы бойынша да түпнұсқасы бола тұра, жаңадан сатып алу деректері жеткілікті екенін айтады.

Олар енді деректің бәрін Бас прокуратураға, Қаржылық мониторинг агенттігіне, Бас көлік прокуратурасына, Еңбек инспекциясына, қалалық прокуратура мен әкімдікке дейін жіберген. Алайда, айтуларына қарағанда, басшылық та қарап қалмай, қарсы шабуыл қамына кіріскен сыңайлы. Оларды тәртіптік кеңеске салып, жұмыстан шығаруға әрекет жасап жатқанын айтады. Ал тәртіптік кеңестің төрағасы – сол Нұрғали Үсенов. Барлық мемлекеттік сатып алу құжаттарына қол қойған да сол.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама