×

Ақтөбе облысы әкімдігінің іс басқармасы электромобильдерді жоғары бағамен сатып алмақ болған

Антикордың араласуымен 1 млрд-тан аса қаржы үнемделді

 Динара Амантай 22.08.2023 | 13:55
Фото: barronmccann.com

Ақтөбе облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті мемлекеттік сатып алудағы жоспарланған жұмыстарға, қызметтер мен тауарларға мониторинг жүргізу барысында екі электромобильді жоғары бағамен сатып алу фактіcін анықтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Жүргізілген талдау нәтижелері бойынша «Ақтөбе облысы әкімдігінің іс басқармасы» КММ-нің электромобильдің біреуін 38,9 млн теңгеге сатып алуды жоспарлағаны анықталды. Ал ұқсас электромобильдердің орташа нарықтық құны – шамамен 29 млн теңге. Осыған байланысты, Ақтөбе облысының әкімдігіне ұсынымдар енгізіліп, соның негізінде мемлекеттік сатып алу туралы шарт нарықтық бағаларға сәйкес келтірілді. Осылайша, 18 млн теңгеден астам бюджет қаражатын үнемдеуге қол жеткізілді.

Сонымен қатар, департамент Әйтеке би және Байғанин аудандары мәслихатының аппараттары жоспарлаған біліктілікті арттыру семинарларын ұйымдастыру бойынша қызметтердің техникалық ерекшеліктеріне талдау жүргізді.

Талдау барысында бюджеттік жоспарлаудың тиімсіздігі анықталды және аталған мәслихаттарға мемлекеттік сатып алуды іске асыру барысында пайдаланылатын бюджет қаражатын оңтайлы және тиімді жұмсау үшін ұсынымдар берілді, – делінген Антикор хабарламасында.

Қазір жоғарыда аталған мекемелер осы қызметтерді сатып алудан бас тартты.

Департамент ұсынымдарының нәтижесінде жыл басынан бері 53 мемлекеттік орган мен ұйымдар мемлекеттік сатып алу жөніндегі жоспарларын қайта қарап, нәтижесінде мемлекеттік бюджеттен 1,045 миллиард теңгенің үнемделуіне қол жеткізілді, – делінген хабарламада.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама