×

СҚО-да ауыл әкімдігі бір орындықты 7,5 млн теңгеге сатып алмақ болған

Жалпы, жарты жыл ішінде облыста бағаны асыра көрсетудің 63 фактісі анықталды

 Еркеғали Болатұлы 10.08.2023 | 11:41
фото: Halyq Uni

Солтүстік Қазақстан облысында орман шаруашылығының қызметкерлері АИ-92 маркалы бензиннің 1 литрін 16 мың теңгеге сатып алмақ бюолған. Бірақ тендер дер кезінде жойылды, деп хабарлады «Хабар 24» телеарнасы.

Сонда олар бензинді өз бағасынан 80 есе қымбатқа сатып алуды жоспарлаған. Сөйткенде, оған 600 миллион теңге кететін еді. Мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған қымбат лотты сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мамандары анықтап, содан кейін тапсырысты түзетуге тура келген.

Осыған ұқсас дерек Айыртау ауданында да тіркелді. Ол жақта білім бөлімі бір жылыту қазандығына бақандай 30 млн теңге бөліп жіберген. Тағы бір ауылда әкімдік бір үлкен орындықты 7,5 миллион теңгеге бағалапты. Алайда өз бағасы 800 мың теңге болып шықты.

Жалпы, жарты жыл ішінде облыста бағаны асыра көрсетудің 63 фактісі анықталды. Барлық тендер жойылды. Алдын алу шараларының арқасында 1,4 млрд теңге үнемделді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті басшысының бірінші орынбасары Айдос Жүнісовтің айтуынша, түсініктеме алу кезінде шенеуніктер механикалық қателіктер жібердік деп ақталған.

Ал егер сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі олардың алдын ала мемлекеттік бюджеттік қаражатты жымқыру дерегін дәлелдейтін болса, әрине қылмыстық жазаға тартылады, - дейді Айдос Жүнісов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама