×

Мектептер мен балабақшалар кәсіпкерлерге салық құнын заңсыз төлеп берген

Биылғы жаржыжылдықта оның көлемі 53 млн теңгеден асқан

 Ербол Тұрымбет 08.08.2023 | 10:17
Фото: Halyq Uni

«Әділдік жолы» РҚБ білім беру саласындағы миллиондаған қаржылық заңбұзушылықтың бетін ашты. Бірлестіктің елордалық филиалы биылғы жартыжылдықта мемлекеттік сатып алу жөніндегі шарттарды талдау нәтижесінде қаладағы он шақты мектеп пен мектепке дейінгі білім беру ұйымында сондай дерек анықтаған. Мәселен, олар қосымша құн салығын төлемейтін өнім жеткізіп берушілерге 53 млн теңгеден астам ҚҚС төлеп берген.

Осылайша, қоғамдық бірлестіктің бақылауы еліміздегі білім беру саласы ең жемқорлық жайлаған салалардың бірі екенін тағы бір дәлелдеп отыр.

Мұндай заңсыздықтарға жол бермес үшін қоғамдық ұйым өкілдері семинар, курс өткізуді қолға алған еді. Айталық, жыл басында бірнеше елордалық мектеп пен балабақша «сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтар, сот даулары, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және өткізу» тақырыбында семинар, курс тыңдады.

Бірақ соған қарамастан, бюджет қаражатын оңды-солды жұмсау тыйылмай тұр. Мәселен, осындай семинар № 89 «Қыз Жібек» бөбекжайы үшін 380 000 теңгеге, ал №3 мектеп-гимназия 420 000 теңгеге шыққан. Осынша қаржы шығындалып, семинар тыңдағаннан кейін нәтиже болса, қанекей?! Алайда сол заңсыз ҚҚС төлеп жүргендердің ішінде бұлар да бар болып шықты. Мердігерлерге балабақша 14 861 355,63 теңге, мектеп-гимназия 4 242 075,05 теңге аударып берген.

Сондай-ақ, жыл басында бірлестік өкілдерінің қатысуымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің және елордалық Білім басқармасы қызметкерлерінің кездесулері өткен. Онда мемлекеттік сатып алу шараларында жол берілетін ең көп тараған заңбұзушылық – ҚҚС көлемін заңсыз есептеу, 100% алдын ала төлем жүргізу, өнім берушінің шарттық міндеттемелерді орындамауы, сатып алу тәсілдерін заңсыз қолдану туралы сөз болған.

 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама