×

Тариф қымбаттайды: енді қазақстандықтар коммуналдық қызметтерге қанша төлейді?

Қазақстанда жылу электр орталықтары тозған

 Дәурен Ерболат 12.07.2023 | 12:12
фото: ашық дереккөз

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров «Тарифті инвестицияларға айырбастау» бағдарламасы аясында коммуналдық қызметтердің тарифі орта есеппен қаншаға өсетінін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Биыл 1 шілдеден бастап министрлік тарифтер мен инвестициялық бағдарламаларды өзгертуге 212 өтінімді қысқа мерзімде бекіткен.

Нәтижесінде тұтынушылар мен кәсіпорындар мүддесінің теңгерімін ескеріп, коммуналдық қызметтер тарифтерінің өзгеруі қалыпты болып, орташа есеппен 10-30% болады. Бұл халықтың осал топтары коммуналдық төлемдер үшін шығындардың бір бөлігіне өтемақы беру есебінен әкімдіктердің коммуналдық қызметтерге ақы төлеу жөніндегі көмегіне сене алады, - деді Әлібек Қуантыров Үкімет отырысында.

Министр жылумен жабдықтауда желілердің тозу деңгейі жоғары қызыл аймақтағы кәсіпорындар үшін инвестиция тарту басым тәртіппен іске асырылатынын жеткізді. Жылумен жабдықтау саласында 27 кәсіпорын бойынша тозу деңгейі 65%-дан асады. Оның ішінде 24 кәсіпорын үшін инвестициялық бағдарламалар бекітілген. Аталған салаға биыл 112 млрд теңге инвестиция құю жоспарланып отыр.

Биыл желілердің тозуы 58%-дан 55%-ға дейін төмендеп, 2024 жылы қызыл аймақтан 6 кәсіпорын шығады деген жоспар бар. Екі бөлмелі пәтер үшін жылу бойынша орташа есеп 1 620 теңгеге немесе 20%-ға артады, - деді ведомство басшысы.

Электрмен жабдықтау саласында 19 кәсіпорынның тозу деңгейі 70%-дан асады. Оның ішінде 16 кәсіпорын үшін инвестициялық бағдарламалар бекітілді. Аталған салаға биыл 92 млрд теңге инвестиция құйылады.

2023 жылы желілердің тозуы 64%-дан 62%-ға дейін төмендейді деген болжам бар. Орташа квитанция 660 теңгеге немесе 20%-ға өседі, - деді министр.

Сондай-ақ сумен жабдықтау саласында 15 кәсіпорынның тозу деңгейі 70%-дан асады. Оның ішінде инвестициялық бағдарламалар 13 кәсіпорын үшін бекітілген. Аталған салаға осы жылы 29,5 млрд теңге инвестицияланады.

Әлібек Қуантыровтың айтуынша, биыл желілердің тозуы 63%-дан 58%-ға дейін төмендеп, 2024 жылы қызыл аймақтан 8 кәсіпорын шығады деп жоспарланып отыр. Орташа квитанция 200 теңгеге немесе 25%-ға өседі.

Су бұру саласында 26 кәсіпорынның тозу деңгейі 70%-дан асады. Оның ішінде 23 кәсіпорын үшін инвестициялық бағдарламалар бекітілді. Бұл салаға 2023 жылы 15,3 млрд теңге инвестиция құйылады.

Нәтижесінде желілердің тозуы 74%-дан 71%-ға дейін төмендеп, 2024 жылы қызыл аймақтан 3 кәсіпорын шығады. Екі бөлмелі пәтер үшін орташа есеп 220 теңгеге немесе 30%-ға өседі. Осылайша, барлық коммуналдық қызмет бойынша орташа есептің ұлғаюы шамамен 3-4 мың теңге болады, - деді министр.

Бұған дейін премьер-министр Қазақстанда коммуналдық тарифтер 30%-ға қымбаттайтынын айтқан еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама