×

Ұлттық қордан балаларға аударылатын ақшаға инфляция әсер етпейді – Қаржы министрлігі

Балалардың шотына аударылатын қаржы доллармен сақталады

 Дәурен Ерболат 14.06.2023 | 11:21
коллаж: Halyq Uni

2024 жылдан бастап Ұлттық қорға түсетін инвестициялық табыстың тең жартысы балалардың шотына аударылып, доллармен сақталады. Сондықтан бұл қаражатқа инфляция әсер етпейді. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Мәжілісте «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстанның Ұлттық қорынан балаларға төлем жасау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралып, бірінші оқылымда мақұлданды.

«Осы заң жобасын қарастырғанда инфляция мәселесін ескердік. Ақша доллармен жиналады. Ең бастысы (Ұлттық қорда балаларға – автор) жинақталған қаражат доллармен беріледі, яғни 18 жасқа толғанда балалар ақшаны доллармен алады. Сондықтан қандай да бір инфляция болмайды», - деді министрдің орынбасары.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова Қаржы министрлігі өкілінің пікірін қолдайтынын атап өтті.

Біз төлемдерді доллармен сақтаймыз. Әрине, доллардағы инфляция теңгеден төмен: 2-4%. Сондықтан табыс АҚШ доллармен есептеледі, - деді Молдабекова.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама