×

Ұлттық қордан балаларға аударылатын ақша: 18 жасқа толғаннан кейін шоттағы қаражат 10 жыл бойы сақталады

Жоба 2024 жылдан бастап іске қосылады: заң жобасы Мәжілістің бірінші оқылымында мақұлданды

 Дәурен Ерболат 14.06.2023 | 10:45
көрнекі фото: Halyq Uni

Мәжілісте «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстанның Ұлттық қорынан балаларға төлем жасау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы туралы бірінші оқылымда қаралып жатыр, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Құжатты депутат Үнзила Шапақ таныстырды.

Президенттің тапсырмасын іске асыру үшін депутаттар мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2024 жылдан бастап «Ұлттық қор – балаларға» жобасын іске қосудың негізгі тетіктері әзірлеген. Жобаға сәйкес Ұлттық қордың инвестициялық табысының жартысын жыл сайын екі мақсатта пайдалану үшін кәмелет жасына толмаған балаларға теңдей бөлу ұсынылады.

«Біріншіден, тұрғын үй жағдайын жақсарту немесе тұрғын үй сатып алу. Бұл мақсатта қаражатты тек Қазақстанда пайдалануға рұқсат етіледі.

Екіншіден, білім алу. Бұл мақсатта баланың ел ішіндегі оқу орындарымен қатар шетелдік оқу орнында да оқу ақысын төлеуін шектемеу қажет деп пайымдаймыз. Бұл кәмелетке жаңа толған қазақстандықтардың ересек өмірге қадам басқан кезінде бастапқы капиталды алуға мүмкіндік береді. Тиісінше, Қазақстан азаматтығынан айырылған, жоғалтқан не ауысқан кезде төлемдерге талап қою құқығы да жоғалады», - деді Үнзила Шапақ.

Сондай-ақ депутат ұсынылған жобаның негізгі ерекшелігіне тоқталды.

«Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50%-ы 18 жасқа дейін барлық жастағы балалар арасында теңдей бөлінеді. Инвестициялық табыстың жекелеген уақыт аралықтарындағы ықтимал теріс мәндерін болдырмау үшін оның 18 жылдағы орташа жылдық мәні негізінде (2,6 % мөлшерінде) айқындау жоспарланып отыр», - деді депутат.

Заң жобасы аясында 6 кодекс пен 10 заңға толықтырулар мен өзгертулер енгізіледі.

18 жасқа толғаннан кейін шоттағы қаражат 10 жыл бойы сақталады. Көрсетілген кезеңде азамат тарапынан талап етілмеген жағдайда шоттағы қаражатты сол адамның зейнетақы шотына аудару ұсынылады, - деді ол.

Сондай-ақ Үнзила Шапақ жобаны іске асыру тетіктеріне тоқталды. 

«Ұлттық қор қызметінің есепті жылдағы нәтижелері туралы жылдық есеп әзірленеді және Мемлекет басшысының жарлығымен бекітіледі. Қазақстан Ұлттық банкі орташа инвестициялық табысты есептейді және оны БЖЗҚ-ға жеткізеді.

БЖЗҚ нысаналы талаптарға қатысушылардың саны мен тізімін қалыптастыру үшін жеке тұлғалардың мемлекеттік деректер базасынан (Қазақстан азаматтығын қабылдаған және жоғалтқан, туған және қайтыс болған) балалар бойынша қажетті ақпаратты импорттайды. Қатысушылардың тізімін алып, Ұлттық банктен ұсынған ақпарат негізінде бір қатысушыға есеп жүргізеді.

Жобаға қатысу үшін қандай да бір мемлекеттік органға жүгінудің қажеті жоқ, есептеулер автоматты түрде жүзеге асырылады, есепке алуды БЖЗҚ жүргізеді.

Салық салынатын базадан төлемдерді алып тастау бойынша қажетті нормаларды Салық кодексінде жеке көздеу жоспарланған», - деді депутат.

«Ұлттық қор – балаларға» жобасының операторы ретінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры АҚ белгілеуді жоспарланған.

БЖЗҚ төмендегі бағытта жұмыс істейді:

  • Ақпараттық жүйеде нысаналы талаптарға қатысушылардың талаптарын есепке алу;
  • Нысаналы жинақтарды алушыларға жинақтау шоттарын ашу;
  • Нысаналы жинақтау шотындағы жинақтарды есепке алу;
  • Нысаналы жинақтарды төлеу;
  • Жеке тұлғалардың дербес деректерін мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесінен Дербес деректер субъектілерінің келісімінсіз жинау және өңдеу;
  • БЖЗҚ интернет-ресурсы және электрондық үкімет веб-порталының жеке кабинеті арқылы нысаналы талаптар мен нысаналы жинақтардың сомасы туралы мәліметтерді ұсыну функцияларына ие болады.

Бұған дейін Қаржы министрлігі Ұлттық қорға түсетін инвестициялық табыстың тең жартысы балалардың шотына қалай аударылатынын түсіндірген еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама