×

Өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың жалақысын өсіру басталды – министр

Олар жалақының аздығынан жұмыстан кетіп жатыр

 Дәурен Ерболат 02.06.2023 | 11:55
фото: ашық дереккөз

Бүгінде азаматтық қорғау органдарының, яғни өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың жалақысын өсіру басталды. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, азаматтық және коммуналдық қызметкерлердің, жұмысшылардың жалақысын тікелей ұлғайту жоспарланған.

2020 жылғы 1 қаңтардан бастап Үкімет азаматтық қызметкерлердің жалақысын кезең-кезеңімен арттырып келеді. 4 жыл ішінде ол 2 есе ұлғаяды. Қазір бюджет саласындағы 1,1 млн-нан аса қызметкердің жалақысы 30%-ға дейін өсті. Олар – дәрігерлер мен педагогтер. Сондай-ақ орталық медициналық персонал мен басқа санаттағы қызметкерлердің жалақысы 20% ұлғайтылды, - деді Әлібек Қуантыров Мәжілісте өтіп жатқан жиында.

Министр «Самұрық Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры өндірістік персоналдың 237 мыңға жуық қызметкерінің еңбекақы алшақтығын 48%, ірі кәсіпорындарда 10%-дан 37%-ға дейін қысқарту сынды шаралар қабылданғанын атап өтті. Бұл ретте өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың жалақысын өсіру басталғанын да алға тартып отыр.

2023 жылы 6 мың дәрігер мен орта медициналық персоналдың әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы 38 мың қызметкердің орташа жалақысы ұлғайтылады. Азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің жалақысын орташа есеппен кезең-кезеңмен 20%-ға ұлғайту басталды. Коммуналдық қызмет жұмысшыларының жалақысын өңірлер бойынша орташа салалық деңгейде орта есеппен 50%-ға жуық арттыру үшін құқықтық негіздер қалыптастырылды. Бұл шамамен 200 мың жұмысшының табысын арттыруға, сондай-ақ кадрлар айналымын азайтуға мүмкіндік береді, - деді Әлібек Қуантыров.

Сөз соңында ол министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен әскери қызметкерлердің еңбекақысын төлеудің жаңа теңгерімді жүйесіне көшіру бойынша жұмыс істеп жатқанын жеткізді.

Еске сала кетсек, бұған дейін ТЖМ қызметкерлерінің жұмыстан кетіп жатқаны хабарланған еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама