×

«Компанияның өзі ұшу қауіпсіздігіне сенбейді»: сарапшы «Эйр Астана» басшысының сөзін сынады

Маманның айтуынша, 20 млрд теңгеге әуежайдың ұшу-қону жолағы ғана емес, әуежайды тұтас жөндеуге болады

 Айнұр Шошаева 01.06.2023 | 11:30
Коллаж: Halyq Uni

Авиация сарапшысы Абыл Кекілбаев үкіметте авиация мәселісі қаралған жиынға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Halyq Uni

Айтуынша, ол үкіметте авиация саласының қордаланған проблемалары талқыланып, нақты шешімдер айтылады деп күткен. 

Өкінішке қарай, олай болған жоқ. Себебі біздің көптеген тұтынушылардың ойында жүрген мәселелерді қарамастан, азаматтық авиация басындағы министрлік «авиабилеттердің құнын реттемейміз, ол еркін нарықта» деп мәлімдеді. Осыдан кейін әуе компанияларының басшылары «осы бағаны ұстап отырғанымызға рахмет айтыңдар» дегенге келтірді. Нақты мәселе талқыланып, шешім қабылданбаса, мұндай жиналыстың қажеті қанша? Жолаушылардың құқығын қорғау мәселесі көтерілмесе, онда ол жиынды өткізбесе де болатын еді, – деді Абыл Кекілбаев. 

Айта кетейік, аталған жиында елорда әуежайының ұшу-қону жолаяғы жөндеуіне қаржы бөлінетіні белгілі болды. Сарапшы бұған дейін сұхбатында стратегиялық нысанға жататын ұшу-қону жолаяғының жөндеу көрмегеніне 20 жыл болғанын айтқан болатын. 

Жалғыз елорда әуежайының ұшу-қону жолаяғына күрделі жөндеу жүргізу туралы үкімет шешімінің барын қуантады. Бұл туралы біраз уақыттан бері айтып келеміз. 20 жылдан бері жөндеу көрмеген. Алайда осы жерде де бір мәселе туындайды. Ашық айтсам болады, бір мүдделі топ Астана әуежайының басшысы ауысып жатыр. Ақша бөлінетін болған соң, оны жұмсаудың мәселесі екені айтпаса да түсінікті. 20 млрд теңге, яғни  45 млн АҚШ долларындай қаржы, тек ұшу-қону жолаяғына ғана емес, тұтас әуежайдың жағдайын қалыпта келтіруге мүмкіндік бар, – деп қосты ол. 

Алайда, Үкіметке елорданың әуежайынан басқа өңірлердің әуежайлары туралы мәселе көтеру керек деп есептейді. Бүгінде облыстардағы әуежайлардың басым бөлігі тозған. 

«Үкімет басшысы еліміздегі барлық өңірлердегі әуежайларға қатысты көзқарасты өзгерту керек екенін жеткізді. Себебі техникалық жабдықтау мәселесі өзекті. Әсіресе өңірлердегі әуежайларда жанармай құятын көліктер, техникалық тиегіштер жоқ. Өзім елді аралап жүргенде талай көрдім, 70-жылдардағы техникалар қолданалылады. Мамандармен сөйлескенде ұшақ астанадан ұшпай тұрып қыздырып қоятынын айтады. Мәселен, қыста кешугілер көп болды. Ол да әуежайлардың техникалық жабдығы жоғын көрсетеді. Әр аймақтың жағдайы әртүрлі. Қолданыстағы соңғы заңға бірқатар өзгерістер енгізіліп, шығындар жергілікті бюджетке ысырылып жіберілді. Орталық, яғни Азаматтық авиация комитеті бұл мәселені өз басымен шешкісі келмейді. Сонда авиация комитеті не үшін қажет деген сұрақ туындайды. Тек рұқсат беру мен айыппұл салу үшін тұтас комитет емес, бөлім болса да жеткілікті. Себебі техникалық қадағалаудың бәрі қазір Қазақстанның азаматтың әкімшілігіне берілген. Салада сұрақ көп, үкімет отырысында оларға жауап берілген жоқ», – деді сарапшы. 

Айта кетейік, «Эйр Астана» компаниясының басшысы Питер Фостер Үкіметте FlyArystan мен Air Astana компаниялары бөлінетін болса әуе билеттерінің құны қымбаттайтынын мәлімдеген болатын. 

Меніңше кешегі әрекеті – елімізге деген бет-бейнесін көрсеткен түрі. Өзін ұлттық компания деп атағанымен, ұлттық мүддені көздеп отырған жоқ. Тек қана авиакомпанияның шетелдегі акционерлерінің ғана жағдайын ойлап отыр. Қарапайым қазақстандықтардың мүддесін қорғады деп айта алмаймын. Үкімет «Эйр Астана» компаниясына жанар-жағармайды нарықтағы бағадан төмен бағаға беріп отыр.Мұны мемлекеттің субсидиясы деп қарастыруға болады. Соған қарамастан компания бағаны көтеріп жатыр. Ұлттық компания басшысының Қазақстанның үкіметіне келіп, солай жауап беруі бізді адам санамайтынын көрсетті, – деді Кекілбаев. 

Сондай-ақ ол компанияның ұшу қауіпсіздігіне қатысты сұрақтардың әлі де шешімін таппағанын еске салды. 

Бұл компанияға деген қоғамда сұрақ көп. Ұшу қауіпсіздігін алайық. Питер Фостердің өзі әуе кемелерін Ирландия регистірінде ұстап отырғанын ашық айтты. Жақында оны өзгерту туралы ойының болмауы біздің ұшу қауіпсіздігіміздің өте төмен деңгейде екенін көрсетеді. Яғни авиакомпанияның өзі біздің ұшу қауіпсіздігімізге сенбейді дегенді білдіреді, – деп қорытындылады Абыл Кекілбаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама