×

«Жаңа мектеп керек емес»: Депутат ауылға мектеп салуға қарсы шықты

Ауылдағы ескі мектепте 51 бала оқиды

 Халық үні 29.04.2023 | 15:58
Коллаж: Halyq Uni

«Ақ жол» партиясынан Парламент Мәжілісінің депутаты Фуат Сатыбаев Павлодар облысы Железин ауданы Моисеевка ауылында жаңа мектеп салуды орынсыз деп тауып, қарсылық білдірді. Бұл туралы әлеуметтік желіде жариялады деп хабарлайды Halyq Uni

Тірек ауылға жатпайтын, халық саны және аудан орталығынан бар болғаны 13 шақырымда жатқан шағын елді мекенге мектеп салуға қаражат жұмсауға қатысты сауал туындайды, – деді депутат.

Алайда депутаттың бұл пікірімен облыс әкімі Асайын Байханов мүлде келіспейді. 

«Мектеп салу керек пе, жоқ па деген сұрақтың өзі қате. Әдетте, керісінше депутаттар шенеуніктерден мектеп салуды талап етеді», – деген әкім ауылдағы қазіргі мектептің жағдайы нашар екенін айтты.

Мен қазіргі мектепті өзім барып көрдім. Төбесі құлайын деп бөренелермен тіреліп тұр. Сіз айтқандай, онда 51 бала оқитынына қарамастан, ауылдың болашағы бар, онда ауыл шаруашылығы дамып жатыр, халық саны азайып жатқан жоқ. Ауылдың өзі қайта құрылатын немесе жойылатын ауыл емес. Аудан орталығынан 11-13 шақырымда орналасты екен деп енді оларды республикалық маңызы бар жолмен күн сайын мектепке апаруға болмайды, бұл балалардың өмірі мен денсаулығына қауіпті. Бұл аудандық немесе облыстық жол емес. Сол себепті, менің ойымша, ауылдағы балалар жаңа мектепте оқуға толықтай құқылы, – деді әкім. 

Айта кетейік, 2009 жылғы дерек бойынша, Моисеевка ауылында 337 адам тіркелген. Павлодар облысының солтүстігіндегі ауылдан облыс орталығына дейін 174 шақырым. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама