×

«ӨзенМұнайГаз» АҚ жұмысқа қабылдаған ақын әлі мекемеден бой көрсетпеген

Компания тозған құралдарды пайдаланған, жұмысшылардың еңбегін бағаламаған

 Дәурен Ерболат 28.04.2023 | 11:07
Фото: kmg.kz

Жаңаөзенде «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының арнайы жұмыс тобы «ӨзенМұнайГаз» АҚ-ның жұмысын тексеріп, заң бұзу деректерін тіркеді, деп хабарлады ҚМГ баспасөз қызметі.

Арнайы жұмыс тобы ондаған заңбұзушылықты анықтады. Оларға алдағы уақытта құқықтық баға беріледі.

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, жұмыс тобының жетекшісі Дәулетжан Хасанов кейбір заңбұзушылықтарға тоқталды. Оның айтуынша, «ӨзенМұнайГаз» компаниясында жұмысқа келмеген қызметкерлерді жұмысқа орналастыру фактілері анықталды. Мысалы, ақтаулық белгілі айтыскер ақын алдымен штатта теолог, кейін қоғаммен байланыс жөніндегі маман қызметін атқарған.

Компания штатына кезектен тыс немесе біліктілік талаптарына сәйкес келмейтін және жөндеумен айналысатын бөлімшелердің мамандықтары бойынша жеткілікті жұмыс тәжірибесі жоқ адамдарды жұмысқа қабылдау деректері бар, - деді Дәулетжан Хасанов.

Сондай-ақ бірқатар жүк көлігінің GPS деректерін уақыт кестесімен салыстырғанда, деректер сәйкес келмеген.

«Автомобильдер нақты жүріп өткен уақыт аралығын табельдерде асыра көрсеткен. Осылайша, атқарылған жұмыс үшін төлем де асыра бағаланды», - деді басшы.

Сондай-ақ жұмыс тобы мұнай өндіретін жабдықты жалға алу қызметін бірнеше есе жоғары бағаға көрсету дерегін анықтады.

Осылайша, сервис көрсететін компаниялардың бірі «ӨзенМұнайГаз» әмбебап электр орталықтан тепкіш сорғыны тәулігіне ұңғымаға 96 мың теңге бағамен жалға берген. Өңірдегі басқа мұнай өндіруші компанияның дәл осындай сорғыны жалға беру бағасы бұдан 2 есе арзан: тәулігіне 39,7 мың теңге.

Сонымен қатар ӨМГ ұңғымаларды жөндеуге арналған 14 дана көтергіш агрегат сатып алған. Мәміленің жалпы сомасы 1,5 млрд теңгеден асқан. Жеткізу мерзімі – 2022 жылғы 31 желтоқсан. Тексеру барысында көрсетілген мерзімде 14 агрегаттың біреуі ғана жеткізілгені анықталды. Есеп беру құжатында ол жаңа деп көрсетілген. Алайда оның компоненттерінің әлдеқашан ескіргені, көптеген бөлшектің жоқ екені, қуат конструкциялары пайдалану үшін қауіпті екені анықталды. Мұны жасыру үшін тот басқан корпус пен шассидің металл конструкциялары қара түске боялған.

Дәулетжан Хасанов компания қызметкерлерінің шағымдарын тексеру мәселесіне жеке тоқталды.

ӨМГ-нің кейбір мердігер ұйымдарында зейнетақы аударымдарын 2-3 айға кешіктірген деректер бар. Көлік қызметін ұсынатын мердігер ұйымдардың қызметкерлері арнайы киіммен және тамақпен қамтамасыз етілмейді, үстеме жұмыс уақыты асып кеткен жағдайлар тіркелген. Әрбір аталған факті бойынша тиісті шаралар қабылданады.

Жұмыс тобы тексерісті жалғастырады. Бұл – анықталған заңбұзушылықтардың бір бөлігі ғана. Жаңа деректерді халыққа жариялаймыз. Анықталған заңбұзушылықтардың әрбір тармағына құқықтық баға беріледі. Барлық жауапты адам жазаланады. Тиісті құжаттарды құқық қорғау органдарына тапсырамыз, - деп түйіндеді сөзін Дәулетжан Хасанов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама