×

Елімізде жеке кәсіпкерлік арқылы декреттік төлем алу оңайға соқпайын деп тұр

Қосымша әлеуметтік аударымдардан түсетін жәрдемақы азаюы мүмкін

 Еркеғали Болатұлы 18.04.2023 | 12:32
фото: Halyq Uni

Бұрын жүкті әйелдер қосымша төлемдерді алу үшін жеке кәсіпкерлік арқылы декреттік төлемдерді рәсімдей алатын еді. Енді бұл процедураға өзгерістер енгізу ұсынылып отыр.

Жалпы, жұмыс пен жалақының болуы әйелдің жүктілігіне және босануына байланысты табысынан айырылған жағдайда әлеуметтік жәрдемақы алуға мүмкіндік береді. Сондықтан кейде қазақстандықтар көбірек жәрдемақы алу үшін жеке кәсіпкерлік ашып, кейін сол арқылы мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына (МӘСҚ) өз атына қосымша жарналар төлейтін.

Бұл әдіс берілетін жәрдемақының көлеміне әсер ететін еді. Өйткені жүкті әйелдер міндетті зейнетақы жарналарын төмен мөлшерде, ал әлеуметтік аударымдардың жарналарын жоғары мөлшерде рәсімдей алатын. Яғни жүкті әйелдің жеке кәсіпкерліктен тауып отырған табысына бұл төлемдер мен жарналардың ешқандай қатысы жоқ. Осылайша, әлеуметтік аударымдар сомасы азайып, жеңілдіктер мөлшері өсетін.

Енді «Ашық НҚА» порталында жарияланған ҚР Әлеуметтік кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы жаңа заң жобасына (2023 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енеді) сәйкес, жеке кәсіпкерлік арқылы әлеуметтік аударымдарды төлеу процедурасын өзгерту жоспарланып отыр.

Заң жобасы 2023 жылдың 25 сәуіріне дейін талқыланады және Үкімет жеке кәсіпкерлер үшін әлеуметтік аударымдарды төлеу процедурасын реттеуді өзгертуі мүмкін.

Нақты айтқанда, заң жобасының 6-тармағына сәйкес, енді өз атына жасалатын әлеуметтік аударымдарды есептеу объектілері деп ЖК иесі өз бетімен айқындайтын табыс сомасы танылатын болады. Бұл табыс сомасы өз пайдасына міндетті зейнетақы жарналарын аудару үшін айқындалған табысқа тең болуы керек. Яғни жеке кәсіпкерлік ашқан әйелдер сол табыс сомасынан өз атынан зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдарды төлеуге міндеттелетін болады. Сондықтан мұндай схема бойынша қосымша әлеуметтік аударымдардан түсетін жәрдемақы азаюы мүмкін.

Ал жеке кәсіпкерлікте жұмыс істейтіндердің жәрдемақысы әдеттегідей айлық жалақысына байланысты төленетін болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама