×

Илон Маск Украинаға қатысты атышулы мәлімдеме жасады

«Шын жүзі ерте көрініп қалды. Сәл күте тұру керек еді», –  деді Ресейдің экс-президенті Медведев

 Дастан Жұмабекұлы 04.10.2022 | 10:00
фото: ашық дереккөз

Америкалық кәсіпкер, инженер, миллиардер, «Tesla Motors» компаниясының негізін қалаушы Илон Маск кешеден бері Украинадағы соғысқа қатысты сенсациялық мәлімдеме жасап, жер-жүзін дүрліктіріп отыр.

Ол Twitter-де Украинадағы соғысты аяқтау үшін өзінің ұсыныстарын айтып, жұртшылықтың назарын аудартты.

«Мен әлі де Украинаны қолдаймын. Алайда соғыс Украинаның түбіне жетеді. Сондықтан дүниежүзінде бейбітшілік орнасын десек, мынадай ұсынысым бар», –  деді ол.

Оның айтуынша, біріншіден, Украинаның Ресейге «қосылған» өңірлерінде қайтадан референдум өткізіп, халықтың көзқарасын білу керек. Екіншіден, Қырым 1783 жылдан бергі кездегідей ресми түрде Ресейдің құрамына кіру керек (Хрущевтің қателігіне дейін солай болған, – Илон Маск). Қырымды таза сумен қамтамасыз ету керек. Үшіншіден, Украина бейтарап ел болу керек.

«Егер осы ұсыныстарым қабылданбаса, соғыс бола береді. Адамдардың қазасы да көбейеді. Оның соңы ядролық соғысқа әкелуі мүмкін», –  деді ол.

Осыдан кейін ол парақшасында ұсынысын дауысқа салып көрді. Алайда желіні қолданушылар оған қолдау көрсетпеді. Одан әрі Маск Ресейдегі ішінара мобилизацияға қатысты пікір білдіріп, ашық айтпаса да оны қолдайтынын ымдап жеткізді.

Миллиардердің мәлімдемесіне Украинаның президенті Владимир Зеленский жауап берді. Ол Twitter-де «Сіздер Украинаға жанашыр Маскті қолдайсыздар ма, әлде Ресейге болысып жүрген Илон Маскті жақтайсыздар ма?» , деген сауалнама жүргізуді бастады. Әзірше оның оқырмандарының 81,5 пайызы Украинаға жанашыр инженерді қолдаймыз деп жауап беріп жатыр.

Украина президенті кеңсесі басшысының кеңесшісі Михаил Подоляк та осы даулы мәлімдемені айналып өтпей, өзінің пікірін білдірді. Ол Twitter-де Масктің мәлімдемесін сынап, соғысты аяқтаудың варианттарын ұсынды.

«Біріншіден, Украина өзінің жерлерін азат етеді. Соның ішінде Қырымды да қайтарып алады. Екіншіден, Ресейге бұдан былай ешкімге соғыс ашпайтындай демилитаризация мен денуклеаризация жасалу керек. Үшіншіден, әскери қылмыскерлер трибунал алдында жауап беру керек», –  деді ол.

Подоляктың осы ұсынысына әлеуметтік желіні қолданушылардың 96,6% пайызы дауыс берсе, жауап бергендердің 3,4% қолдамай шыққан.

Масктің атышулы мәлімдемесіне Ресейдің экс-президенті, Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медеведев те жауап берді. Ол америкалықтың атышулы мәлімдемесін қолдайтынын айтып, оны офицерлік орденмен наградтауды ұсынды. Содан кейін ол Масктің шын жүзінің ерте ашылып қалғанын жеткізді.

Күте тұру керек еді. Шынайы бет-бейнесі ерте ашылып қойды, –  деді Медведев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама