×

«Мен – қазақпын!». Өзін қазақ санайтын орыс балалар көбейіп жатыр

Евгений қазақша ән айтып, елдің ыстық ықыласына бөленді

 Дастан Жұмабекұлы 18.08.2022 | 14:55

Әлеуметтік желіде ұлты орыс баласының қазақша еш акцентсіз Қуандық Рахымның орындайтын «Мен – қазақпын!» әнін айтып, жұртты тәнті еткені талқыланып жатыр.

Бұл әнді Евгений есімді бала Көкшетау қаласында болған үйлену тойлардың бірінде айтқан. Сол жерде баланың өнеріне риза болған жұрт оған сүйсіне қарап, ақшалай да сыйлықтар беріп, құрмет көрсетіпті. Ал желіде Евгенийдің видеосы шыққаннан кейін халық баланың өнерін бас бармақтарымен бағалып, асыға пікір жазып қалдырған.

«Ресейліктер, біз осындай көп ұлтты Қазақстанда тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Қызыға қараңдар!», «Міне, тәрбие деген осындай болады. Біз әртүрлі ұлттан болсақ та жанымызбен, жүрегімізбен біргеміз»,  «Баланы қолдап жатқан ағайынға алғыс айтамын. Көзімнен жас шықты», «Осындай еліміз бар. Мен елім үшін мақтанамын», «Мен – неміспін. Орыс тілінде сөйлеймін. Қазақстанда туғанмын. Мен өзімді де қазақпын деп санаймын», «Қазақстан деген осындай болады. Біз ұлтқа бөлінбейміз», –  деп жазған оқырман.

Бұған дейін TikTok-та өзін қазақ санайтын орыс ұлтының өкілінің видеосы шыққанын да хабарлаған болатынбыз. Видеода орыс келіншек Қазақстанда кез келген мерекеде дастарханға бауырсақ пен еттің қойылатынын, Қазақстанды ол сонысымен де жақсы көретінін айтқан еді.

Қазақстан – менің Отаным, Қазақстан – менің махаббатым. Мен – мұсылманмын. Ислам дінін 28 жасымда қабылдағанымда туған-туыстарымның бәрі мені қолдады. Мен қымызды жақсы көремін. Қазір мен Түркиядамын. Мұнда қазақша сөздерді көп естімейсің. Сондықтан мен Отаным келіп, қазақша амандасып, сөйлескім келеді, – деді ол.

Қазір TikTok-та, басқа да әлеуметтік желіде өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілі мен мәдениетін, өнері мен тарихына құрметпен қарап түрлі ақпарат жариялап жатқанын атап өту керек.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама