×

«Шетелге кеткен қазақ жастарының 90-95%-ы орысша жазады». Блогер Instagram-ға шолу жасады

Өрендеріміз өз тілін өзекке тебеді

 Дастан Жұмабекұлы 14.08.2022 | 12:23
фото: ашық дереккөз

Блогер Тимур Бектұр шетелге оқуға түскен немесе шетелде жұмыс істеп жатқан қазақ жастарының ана тілін емес, орыс тілін таңдап, сол тілде сөйлесіп, хат жазысатынын айтты.

Ол Instagram-дағы шетел асқан қазақ жастарының парақшаларына кіріп, өзінше зерттеу жасағанда сондай ойға келгенін жеткізді.

«Тіл туралы әңгіме қозғағың келмейді-ақ. Бірақ, халықаралық деңгейдегі компанияларға жұмысқа тұрған, шетелдік оқуға түскен, тағы сол сияқты жетістікке жеткен ұл-қыздарымызды үнемі іздеп жүріп тауып аламын да дереу Инстаграмын қараймын. Білесіздер ме, 90-95% орысша жазады.

Иә, олардың ішінде көбі немесе барлығы дерлік қазақша түсінетіндер, сөйлей алатындар. Бірақ, сыртқы әлеммен коммуникациясы орыс тілінде қалыптасқан.

Неліктен?

Білмеймін. Білгім де келмейді», –  деп жазды ол.

Сонымен бірге ол орыс тілін таңдаған жастарға мораль оқи алмайтынын, талап та қоя алмайтынын айтып, олардың ана тілінің дамуына үлес қоспайтынына қынжылысын білдірді.

«Осындай ақылды өрендеріміздің өз тілін өзекке тебетіні, орысша контент рунет контентін көбейтпесе, оның қазақтың дамуына еш үлес қоспайтыны қынжылтады.

Әрине, оларға барып мораль оқи алмаймыз. Талап та қоя алмаймыз. Әке-шеше, айналасындағы қоршаған ортасы солай боп тұр ғой, демек. Әттеген-айы, Назарбаев Зияткерлік мектептері дейміз, Республикалық физмат мектебі дейміз, сол сияқты өзге де элитарлық ордалардан ана тілінде контент жасамайтындардың көптеп шығып жатқаны.

Ал енді ренжімейін десең, ХХІ ғасырдағы қоғамның дамуы контентке байланысты екендігін басқа-басқа, тап солар білмейді емес, біледі.

Дата инженер, дата сайнтистер көп-ақ. Қазақша бірдеңе істейін десең, күнің қазақша датаға тірелетінін олар білмегенде, кім біледі басқа? Бірақ олар не істеп жатыр сол жолда?

Еш-те-ңе!

Иә… жетістікке жете берсін. Бәлкім, бір күндері қазығын айналып табар… Сөйтіп жүріп ұлтынан мүлдем жерініп кетпесе…», – деді ол.

Ол сөзін қорыта келе, қазақша контентті дамыту керек деп айтудан шаршағанын, енді орыс тілін таңдаған, сол тілмен өмрін байланыстырған қазақ жастары ана тілін көгертпейтінін жеткізді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама