×

«Қазақ тілінде сөйлегенім үшін қудалады»: «Қайрат» ФК экс-жүргізушісі жанайқайын айтты

Компания өкілдері оны «Один хбеттің» орнына «Уан хбет» деп айтқаны үшін айыптаған 

 Дастан Жұмабекұлы 27.07.2022 | 13:44
Фото: instagram.com

«Қайрат» футбол клубының бұрынғы жүргізуші, журналист Әділет Бисариев қазақ тілінде хабар таратқаны үшін командадағы жұмысынан босатылғанын айтты.

Ол жанайқайын Instagram-дағы парақшасында жеткізді.

Мен Бисариев Әділет 2019 жылдан бастап күні бүгінге дейін «Қайрат» футбол клубында қазақ тіліндегі жүргізуші қызметін атқардым. 24 шілде күні басшылық мені жұмыстан шығарып жіберді. Не үшін шығарғанын айтсам, 2019 жылдан бері клубтың басшылығының жалпы қазақ тіліне немқұрайлығы барын байқадым. Бұл өзімнің ойым. Орталық стадионда қазақ әндері қосылмайды. Ақсақал қазақтілді жүргізуші келді деп қуанып, жанкүйерлер қазақша ән сұрай бастады. Бұған дейін 7 жыл бойы стадионда қазақша жүргізілмеген еді. Мен оны басшылыққа жеткізгенмін, –  деді ол.

Алайда клубтың басшылығы журналистің өтінішін елемей, керісінше оны тіл мәселесіне байланысты ылғи қыспаққа ала бастаған.

«Қайраттың» маркетинг бойынша қызметкерлері мені тіл бойынша қыспаққа алып, жұмыстан шығарғысы келді. Бірақ олардың қолдарынан ештеңе келмеді. Кейін мені клубтың жанкүйерлері жақсы көріп кетті.

Бұған дейін мені жұмыстан шығаратындай себеп таппаған. Жанкүйерлер мені уайымдап жатқанына қуанып жатырмын. Демек, мен өз жұмысымды жақсы атқарып жүрмін деген ойдамын. 24 шілдеде «Қайрат» пен «Ақсудың» ойынына барғанмын. Маған ешкім ескертпеді. Микрофонды ұстайын десем, сол жерде тағы бір жүргізуші жүр. Орыс жігіт. Маған қоңырау шалып, бүгін жүргізбейсің деді. Маған алдын ала ешнәрсе айтылған жоқ. Неге десем, сен бұдан былай бізде жұмыс істемейсің дейді. Стадионнан шығып, бас директор Асқар мырзаға барсам, ол «Один хбеттен» саған шағым түсті дейді. Конкурсты дұрыс жүргізбедің дегісі келді. Оны мен сәтті өткізгенмін. Тағы қандай себеп бар десем нақты айтпады. Сен «Один хбетті» «Уан хбет» деп айттың дейді. Маған 2019 жылдан бері ешқашан қазақша сценарий келмеген. Бұл біздің қазақ тіліне деген қорлық деп ойлаймын. Бәрі орыс тілінде келетін. Кейін мен шикілікті байқап, «Один хбет» өкілдеріне бардым», –  деді журналист.

Журналист «1хбет» өкілдеріне де барып, не үшін шағым түсіргендерін түсіндіріп берулерін өтінген.

Олармен сөйлесіп, мен мынадай ойға келдім: бұлар қазақ тіліне қыспақ көрсеткісі келеді. Қазақ тіліне қарсы екенін көзім жетті. «Ты ведешь на тойском», «Әп бәрекелді» дейсің дейді. «Что такое Адилет Ап барекелди» дейді. Мені олар сөйлеткісі келмейді. Бұл менің өз ойым – қазақ тіліне деген қыспақ, қарсылық. Енді ойын орысша болып жатыр. Сонда орысша түсінбейтін қазақтардың қамын кім ойлайды? Тіл үшін жаным ашып тұр. Аллаға шүкір, табысым көп. Қара жаяу емеспін. Өзім өнер азаматымын. «Қайратта» тіл мәселесі қиын. «Қайрат» командасы өзін халық командасы деп таныстырғанымен, қазақ тілін менсінбейді. Бұл менің өз ойым, менің жанайқайым, –  деді ол.

Әділет Бисариев мәдениет және спорт министрлі Дәурен Абаевқа, құзырлы органдарға өтінішін айтып, кінәлі адамдарды жазалауды сұрап отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама