×

«Заңды бұзып отыр». Белгілі заңгер Оқу-ағарту министрлігінің бастамаларын сынға алды

Министрлік оқу жылын ұзартуға бағытталған бұйрық жобасын әзірлеген еді

 Халық үні 25.07.2022 | 16:11
көрнекі фото: ашық дереккөзден

Белгілі заңгер Жангелді Сүлейманов Оқу-ағарту министрлігінің «реформасын» сынға алып, бірыңғай мектеп формасы мен оқушылардың демалысын қысқарудан да маңызды мәселелер барын айтты.

«Заң бойынша әрбір сыныптағы оқушылар саны 25-тен аспауы керек. Себебі сыныптағы оқушы саны көп болған сайын білім деңгейі төмендей береді. Біздегі мектептерде бұл талаптар орындалмайды, кейбір сыныптарда 45 балаға дейін оқиды. Заң бойынша екінші ауысым болмауы керек. Барлық бала таңнан түске дейін білім алуы қажет. Басқа елдерде бұл қалыпты жағдай. Бізде екінші ауысым ғана емес, үшінші ауысыммен оқитындар да бар», – деп жазды заңгер.

Сондай-ақ заңгер заң бойынша барлық мектептегі дәретхана ғимарат ішінде орналасуы керек екенін айтты. Ал Қазақстандағы мектептердің 30-40 пайызында бұл талап сақталмайды.

Жанкелді Сүлейманов 1-3 сыныптағы оқушының сөмкесіндегі оқулықтардың салмағы 1,5-2,0 келіден аспау керектігін, 4-5 сыныптағылар үшін – 2,0-2,5 келі, 6-7 сыныптағыларға – 3,0-3,5 келі; 8 – 11(12) сыныптағылар үшін 4,0-4,5 келіден аспауы керектігін айтты. Алайда бұл талаптар да орындалып отырған жоқ.

«Оқу-ағарту министрлігінің заңды бұзып отыр. Соның салдарынан балалар дұрыс білім алмай отыр. Оны тестілеу нәтижесі көрсетті – сынаққа қатысқандардың жартысына жуығы шекті балдың өзін жинай алмады. Басқа қоғамда ата-аналар мұндай бұзушылыққа қарсы соттасар еді», – деп түйіндеді заңгер.

Еске салайық, 2022 жылдың 22 шілдесінде Оқу-ағарту министрлігі оқу жылын ұзартуға бағытталған бұйрық жобасын әзірледі. Құжат «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылауға шығарылды. Соған сәйкес, 1-сыныпта 35 апта болса, 2-11 (12) сыныпта 36 апта болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама