×

Қанды қаңтар салдары: «Інімді азаптап өлтіргендер кешірім де сұрамады»

Марқұмның ағасы кінәлілер өздерін ақтап шығаруға әрекет етіп жатқанын айтты

 Халық үні 08.07.2022 | 12:23
фото: марқұмның ағасы - Қыдыркелді Абдулқожаұлы

Қаңтар оқиғасы кезінде інісі азапталып өлтірілген Қыдыркелді Абдулқожаұлы қозғалған қылмыстық істе ешқандай нәтиже жоқ екенін айтады. Оның сөзінше, бұл іс бойынша ҰҚК қызметкерлері қамауда күдікті ретінде отыр. Бірақ інісінің өліміне қатысты істе алты айдан бері еш ілгерілеу жоқ.

«ІНІМДІ ӨЛТІРГЕНДЕР ҰҚК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ»

«Інім Алмас Мұқашев 4-5 қаңтарда Талдықорған қаласында бейбіт митингке қатысты. Содан кейін үйде болды. 8 қаңтарда жұбайы екеуі жұмысқа кетіп бара жатқан жерінен оны ұстап алып кетіп, сол күні ұрып өлтірді. Інімнің азапталып өлгені сотта дәлелденіп отыр. Өлтірген адамдар Талдықорған қаласы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы мен орынбасары. Олар қазір ұсталып, қамауда отыр. Бірақ әзірге ешқандай нәтиже жоқ. Қазір олар күдікті ретінде отыр. Алты ай болды, ешқандай сот жоқ, іспен танысу жоқ, барлығы жабық түрде болып жатыр», - дейді Қыдыркелді Абдулқажыұлы.

«ІШ ҚҰРЛЫСЫН ТҮГЕЛ АЛЫП ТАСТАПТЫ»

«Інімді 8 қаңтарда алып кетіп, ұрып өлтірген. Біз оны тоғызынан бастап іздедік. Бармаған жеріміз қалмады. Содан, 13 қаңтарда мәйітханадан таптық. Мәйітханада із-түссіздердің қатарында жатыр екен. Сол жерден сүйегін алдық. Сүйекке мен өзім түстім. Денесіндегі жарақаттардың барлығын видеоға түсіріп алдық. Біз денені алған кезде іш құрылысын түгел алып тастаған. Сараптама нәтижесінде інімнің азапталып өлтірілгенін дәлелдеді. Мәйітханадағылардың қорытындысы да сондай болды. Олар басында бізге оны берген жоқ. Бірақ кейін тергеу кезінде олар ұрып-соғу салдарынан қайтыс болғанын дәлелдеді. Інімнің саусақтары сынған, тізесі, қолы, қабырға тұсы көгерген. Арқасы толықтай ісіп кеткен. Басы жарылған», - дейді Абдулқожаұлы.

«ӨЛТІРГЕН АДАМДАР КЕШІРІМ ДЕ СҰРАҒАН ЖОҚ»

«Артында зар жылап әке-шешеміз, үш баласы мен әйелі қалды. Өлтірген адамдар әлі күнге дейін келіп кешірім сұраған жоқ. Олар кінәсін да мойындамай отыр. Олардың түсінігі бойынша, көшеде кетіп бара жатқын адамды ұстап алып, өлтіріп, адвокаттар жалдап алып, өздерін ақтап шықпақшы. Қазір олар осыған әрекет етіп жатыр. Біздің қорғаушымыз «олар қазір төрт адвокат жалдап алып өздерін қорғап жатыр» дейді. Олар адам өлтіріп, жазасыз жүре береміз деп ойлайтын сияқты. Зұлымдық деген түсінік жоқ. Адамды сол ашуландырады...», - дейді Абдулқожаұлы.

Жазып алған: Есдәулет Қызырбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары

Сараптама