×

«Төрт млн теңгеге төрт адамды босатты». Қаңтар оқиғасы үшін азапталған Бисаевпен сұқбат

Азапталған Бисаевтың ісі: сынған қабырға, жарылған бас, жауапсыз іс

 Халық үні 22.06.2022 | 13:55
Ғалымбек Бисаев, азапталған азамат

Бүгін Қаңтар оқиғасы кезінде аяусыз азапталған Алматы облысы Жамбыл ауданының тұрғыны Ғалымбек Бисаевпен сөйлесіп көрдік. Ол қаңтар оқиғасынан кейін полиция департаменті мен СИ-18 түрмесінде көрген азабын егжей-тегжейлі баяндай келе, қазір жүріп жатқан қылмыстық іске көңілі толмайтынын айтты.

«Қаңтардың 5-і күні ауылдастарыммен бірге талабымды айту үшін Төле би – Сейфуллин көшелерінің қиылысына келдім. Сол жерге көлігімді қойып, халықпен бірге алаңға дейін бардым. Жолда көліктің өртеніп жатқанын, полиция қызметкерлерінің халыққа оқ атып жатқанын, улайтын газ атып жатқанын көріп, мен бұның бейбіт шеру емес екеніне көзім жетті. Алаңға үкіметтен бір адам шығып, талаптарымызды таңдайды деген үмітпен бардым. Бірақ ешкім шықпады, атыс-жарылыс, газға тұншығып, ауылдастарыммен бірге кері қайттым. Алаңда өз-өзімді видеоға түсірдім, болды...», - дейді Бисаев.

«ҚАШ, ҚАЗІР СЕНІ АТАМЫЗ»

Ғалымбек Бисаев қаңтар оқиғасынан соң үйінен он бес адам күштеп алып кеткенін айтады. Тіпті, ұрып-соғу көлікке мінген бетте басталған.

«10 қаңтарда кешкі сағат алтылар шамасында мені бала-шағамның ортасынан үш көлікке мінген 15 шақты адам алып кетті. Ешқандай қарсылық көрсеткен жоқпын, өзім бірге ілесіп бардым. Мені машинаға мінген уақыттан бастап тапаншамен басымнан ұра бастады. Жолда тоқтап: «жүгір, қаш, қазір сені атамыз» деді. Кеші алты жарым шамасында Алматы облысы, Жамбыл аудандық полиция учаскесіне алып келді. Менің ауданым болғандықтан, ол жердегі кейбір қызметкерлердің түрін, атын білемін, танимын. Мені екінші қабатқа көтеріп, бір бөлмеге кіргізіп, шешіндіріп, қалтамдағы заттарымды шығарып, ақшамды алып алды. Қабырғаға қаратып қойып, мені ұрып-соқты...», - дейді ол.

«ҚАЗІР БАСЫҢДЫ КЕСІП АЛАМЫН»

Ғалымбек Бисаев полиция қызметкерлері аяусыз азаптағанын айтады. Оның сөзінше, Алматы облысына қарасты Жамбыл аудандық полиция учаскесінде жергілікті полиция мойынына қайшы тақап, басыңды кесіп аламын деп қорқытқан, мәжбүрлеп қол қойдырған.

«Сол жерде бұйрық беріп жүрген Нариман, Сырым, Әлішер, Айбар, Әнуар, Медет, Мәди деген жігіттер мені қаңтардың 10-ынан 14-іне дейін азаптап, тамақ бермей, суық жерге қамап, ұрып-соғып, қабырға, омыртқа, саусақтарымды сындырды. «Шеруге бардың ба?» деп сұрады. Мен барғанымды айтты. «Бесі күні барып көрдім, бейбіт шеру емес екеніне көзім жетіп, қайттым» десем, телефонымды көрсетіп, ішінде халықты атып жатқанын түсірген, гранатаны түсірген видеоларды өзіме қарсы пайдаланды. «Барсаң болды, кінәлісің» деп мәжбүрлеп қол қойдырды. Мен келіспейтінімді жазып берсем де, қинап қол қойдырды.

Жамбыл ауданында менен жауап алғанда Медет деген тергеуші тамағыма қайшы тақап, «қазір басыңды кесіп аламын» деп қорқытты. Бес-алты қызметкер бізді қоршап тұрды. Әлішер деген полиция қызметкері мені дубинкамен ұрып басымды жарып тастады. Сырым деген қызметкер дәлізге сүйреп алып шығып, басыма тапанша тақап, атып өлтіретінін айтты. Мен қорықтым, Аллаға тәуекел еттім. «Атсаңыз қолыңызда, атыңыз» дедім. Бір-біріне қой деп жатқан ешкім жоқ. Араларында Нариман мен Сырым «давай, давай, работаем!» деп белсенділік танытып жүрді...», - дейді Бисаев.

«ТӨРТ МИЛЛИОНҒА ТӨРТ АДАМДЫ БОСАТТЫ»

Бисаев Жамбыл ауданында қамауда отырғанында жергілікті полиция ұсталған адамдардан ақша бопсалағанын айтады. Ол тәртіп сақшылары бірге отырған төрт жігіттен төрт миллион теңге ақша алғанына куәгер болған.

«Мені ғана азаптаған жоқ, сол жерде отырған адамдардың барлығына солай істеп жатты. Бесі күні бізден бөлек барған адамдарды да шақыртып, қинап, бәленбай мың ақшадан алып, босатып жатты. Менің ауылдасым сол жерде маған «екі жүз мың теңге беріп шыққанын» айтты. Жамбыл ауданының полиция учаскесінде болғанымда, қасымда Қытайдан келген төрт қандас жігіт отырды. Менің көзімше солардан ақша бопсалады. Мәди Досымхан түнде сол қандастың бірінің телефонын алып келіп, kaspi кодын айт деп ақша алды. Төрт жігіттің әрқайсынан миллион теңгеден алып босатты. Ауызша айтпайды, телефонға әрқайсыңа миллион теңге деп жазады да, көрсетеді. Төрт миллион теңгені не үшін алып тұр? Екі күн ұрып-соқты, азаптады. Тағы ақшасын алып тұр...», - дейді ол.

«БІР ҒАНА ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРІ ЖӘРДЕМДЕСТІ»

Ғалымбек Бисаев Алматы қалалық полиция департаментінде де азапталғанын айтады. Оның сөзінше, ИВС қызметкерлері оны дене жарақаты көп болуына байланысты қабылдамай қойған. Полиция қызметкерлері түнімен ұрғанда бір ғана қызметкер оны қорғауға тырысқан.

«14 қаңтарда мені Алматы қалалық полиция департаментіне алып барды. Ол жерге бара салған бетте «о, свежийлар келді» деп, сатымен көтеріліп түскенше азаптады. Электрошокерді үстімізге басты. Менен сол күні тергеуші жауап алды. Ол маған мемлекеттік адвокат ұсынды. Адвокат екеуі «мынаған қандай бап ілсем болады?» деп ақылдасып отырды. Жақсылық Бүйтеков деген адвокаттың айтуымен сол жерде маған 272-баптың 2-тармағын қолданды. Сол жерде отбасыма хабарласуға мүмкіндік берді. Ол уақытта әйеліме мені ұрғанын, азаптағанын айта алмадым. Оның аяғы ауыр, сахары бар, уайымдамасын дедім. Адвокат басымның 12 см жарылғанын, қабырғамның сынғанын көрді. Ешқандай медициналық көмек шақырған жоқ. Мен жауаптың астына үлкен әріппен «келіспеймін» деп жазып бердім. Содан тергеуші мені басқа кабинетке алып барып тағы ұрды. Қоқан-лоқы көрсетіп алып жаздырды.

Мені ИВС-ке алып барғанда қабылдамай қойды. Менімен бірге барған полиция қызметкерлеріне «мына кісінің үстінде дене жарақаты көп, анықтама жинап келіңдер» деді. 14-і күні мен полиция қызметкерлерімен бірге солардың кабинетінде кісендеулі күйімде түнедім. Олар түнде тыққан арағын ішіп, даңғырлап, аузына келгенін айтып жүрді. Бір айта кететіні, солардың ішінде Медет деген қызметкер маған жәрдемдесіп, көмектесті. Аналар ұрып жатқанда ол үстіме жатып алып ұрғызбай қойды... 17-і күн маған прокурор екі айға санкция берді. 18-і күні мені СИ-18 түрмесіне кетесің деп айтты. Сол кезде тергеуші Нұрдәулет Астанақұлов келіп, кабинетіне алып барып, маған «мынау сенің этаппен кететін құжатың деп, бос қағазға қол қойғызды», - дейді Бисаев.

«БАЛАЛАРДЫҢ ТІСІН ҚАҒЫП АЛЫП ЖАТТЫ»

Бисаев азаптау Алматы қаласындағы СИ-18 түрмесінде де жалғасқанын айтты. Онда түрме қызметкерлері келген сәттен бастап тепкінің астынан алған. Бірге барған адамдардың тісін сындырып, үстііне шығып жүгірген. Прокурор мен сот азаптау шағымына қарамастан екі айға санкция берген.

«СИ-18 мекемесіне менімен бірге 16 адам барды. Арамызда екі қыз бала болды. Келгеннен бастап машинадан сүйреп түсіріп, ұрып-соғып, табанымыздан ұрып, «03 самый лучший» деп қайта-қайта хормен айтқызды. Түрме қызметкерлері біз айтқан сайын күлді. Сөйтсек, 03 деген түрмедегі үшінші адам, түрме басшысының үшінші орынбасары екен. Сол күні кешкі 9-ға дейін бізді азаптаумен ғана айналысты. Жерге жатқызып қойып үстімізден жүгірді. Балаларға жерді тісте дейді, ауызын ашып бетонды тістей бергенде желкесінен теуіп, тістерін қағып алып жатты... Мені ұрып, бүйрегімді төмен түсіріп тастағаннан кейін, зәрім тоқтамай қалды. Сонда күнде медицина қызметкерлерін шақырдым. Олар бізге малға қарағандай қарады. Қай жерің ауырса да бір таблетка асперин береді, болды. Мен сот кезінде Құсайынов деген прокурорға, сотқа өзімнің азапталғанымды, барлығын айттым. Олар «иә, анықтаймыз, бара бер» деп екі айға қамады...», - дейді ол.

«БЕС ҚАБЫРҒАМ МЕН БЕЛ ОМЫРТҚАМ СЫНҒАН»

Ғалымбек Бисаев түрмеден шыққаннан кейін медициналық тексеруден өткен. Компьютерлік томография бес қабырғасы, саусақтары мен бел омыртқасының сынғанын анықтаған.

«10 наурызда шыққаннан кейін жеке медициналық сараптамаға бардым. Сөйтсем, бес қабырғам, білектерім мен саусақтарым, бел омыртқам сынған. Басым жарылған. Барлығы анықталды. 17 наурызда Антикорға арыз жаздық. Одан бері үш ай өтті. Алматы қалалық және облыстық Антикор үш-төрт рет шақырды. Тергеу кезінде қызметкерлердің суретін көрсетті. Мені ұрған азаматтарды таныдым. Беттестіру кезінде мені азаптаған полиция қызметкерлері «бұл кісіні бірінші рет көріп тұрмын» дейді. Ол жерде тергеуші полиция қызметкерлеріне көмектесіп, «подсказка» беріп отырды. Сол жерде менің адвокатым Жалғас Сапархановаға қысым көрсетіп, балағаттап, ар-намысына тиетін сөздер айтты...», - дейді Бисаев.

«МЫНАНДАЙ ПОЛИЦИЯМЕН ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН ҚҰРУ МҮМКІН ЕМЕС»

Ғалымбек Бисаев президент айтып жатқан «Жаңа Қазақстанды» мынандай полициямен құру мүмкін емес дейді. Оның сөзінше, ешқандай өзгеріс жоқ. Бұрын қалай болса, әлі солай. Ол ісінің баяу жүріп жатқанына наразы. Жазылған арыздарға мардымды жауап ала алмағанын жеткізді.

«Қазір президент «Жаңа Қазақстан құрамыз» деп айтып жүр ғой. Бірақ мен мынандай полициямен ешқандай Жаңа Қазақстан көріп тұрған жоқпын.

Қазір ісім тоқтап қалды. Барлығымен беттестіру өтті. Олардың барлығы неге істе куә ретінде өтіп жатқаны белгісіз. Алматы облыстық оңтүстік аймақтық Антикорында мені Жамбыл ауданында мойыныма қайшы тақаған Мәди Досымханмен беттестіру болды. Ол іске мен қанағаттанбаймын. Ол өте баяу жүріп жатыр. Екінші беттестіру Алматы қаласында болды. Төрт полиция қызметкері мен адвокат болды. Оның ішінде мені азаптамаған жалғыз адам Медет деген полиция қызметкері ғана...

Департаментте маған азаптаған адамдардың суреттерін берді. Бірақ ол жерде азаптағандардың ескі суреттерін көрсетті. Алматы қалалық полиция департаментінде мені қинағандар ішінде Әлім Қыдыр, Әділет Айтменбет деген жігітті таныдым. Бұдан бөлек, Нұрдәулет Астанақұловты таныдым. Қалғандарын суреттен емес, бетпе-бет көрсем танимын... Істің жүрмей жатқаны жөнінде прокуратураға бірнеше рет шағымдандық. Әзірге ешқандай нәтиже жоқ болып тұр. Қолы қан полиция қызметкерлері жазаланса деп сұраймын. Бұл кісілер бұндай қызметте істемеуі керек деп ойлаймын...», - дейді ол.

Жазып алған: Есдәулет Қызырбекұлы

Серіктес жаңалықтары

Сараптама