×

«Қыздар да әуестенетін болған». Депутат балалардың насыбай атып жүргеніне алаңдаулы

Олардың саны жыл сайын артып жатыр

 Дәурен Ерболат 13.03.2024 | 15:35
фото: news1.ru

Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы бүгінде оқушылардың насыбай атып жүргенін айтып, мәселеге Ішкі істер министрлігінің назар аударуын сұрады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Депутаттық сауал премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға, Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке жолданды.

Бұл депутаттық сауалда көтерілетін мәселе емес еді. Алайда 4-5 сынып оқушыларының еш кедергісіз насыбай атып жүргенін көріп, еріксіз дабыл қағуға мәжбүрміз. Заңда шектеу қойылғанына қарамастан бұл зиянды зат сауда орындарында, базарлар мен дүкендерде бала деп, жас деп қарамай, еркін сатылып жатыр. Бағасы да қолжетімді, ал зияны шаш етектен. Оның үстіне, бүгінде формасын өзгертіп, кәдімгі қалташадағы шай секілді қораптап, шақшалап, түрлендіріп ұсынуда. «Жевательный табак», «Снюс», «Шайба» деген атаулармен таралып жатыр, - деді Жарқынбек Амантайұлы.

Оның айтуынша, бұл зиянды затты оқушылар мен спортшылар да тұтына бастаған. 

«Насыбай – не мәдениетке, не әдепке, не гигиенаға сай келмейтін жиіркенішті қалдықтардан жасалатын зат. Өкінішке қарай, бұрын оны тек үлкен адамдар ататын болса, қазір мұнымен жастар, тіпті қыздар да әуестенетін болған. Олардың саны жыл сайын артып жатыр. Бұған қоса, ел үміт күтіп отырған спортшы жастар арасында да бұл кері әдеттің қалыпты жағдайға айналғанын қалай түсінуге болады?! Кейбір деректер бойынша, халықтың 10 пайыздан астамы насыбайды қолданады екен», - деді депутат.

Жарқынбек Амантайұлы насыбайдың құрамында улы заттар бар екенін атап өтті.

Оның құрамында химиялық заттар, әк, сексеуіл, арша, тобылғы ағаштарының күлі болады. Уытын арттыру үшін тауықтың саңғырығы, түйенің тезегі де қосылады. Бұдан бөлек, насыбайды мұқият зерттеген мамандар оған есірткі мен психотропты заттардың да қосылғанын анықтаған. Бұлардың тұтынған адамды тез тәуелділікке ұшырататыны сөзсіз. Швед ғалымдары да бұған зерттеу жүргізіп, насыбайдың құрамынан хром, никель, кадмий, қорғасын, күшәла секілді химиялық заттарды тапқан. Бұлардың барлығы да қалыпты мөлшерден әлдеқайда артық болған, - деді ол.

Депутат зиянды затты тұтынғандар ауруға шалдығатынын да ескертті.

«Еліміздің дәрігерлері насыбай атудың адамды тәуелділікке ұшыратумен қатар, түрлі ауруларға да душар ететінін айтады. Тіпті ол қатерлі ісікке, ұрпақсыздыққа апаратыны ғылыми дәлелденген. Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты мамандарының айтуынша, насыбай тұтыну ауыз қуысының қатерлі ісігінің дамуына әкеледі екен. Олар соңғы кездері насыбайдың салдарынан қатерлі ісікке шалдыққандар арасында жастардың көбейіп кеткенін жеткізді. Сондықтан елді улап отырған бұл қатерлі дертті ауыздықтап, оның таралуына мүлде тосқауыл қою қажет», - деді Жарқынбек Амантайұлы.

Ол Қазақстанда насыбайға заң жүзінде шектеу қойылғанын, алайда заңның орындалуында осалдық барын айтты.

Мәселен, насыбай саудасымен ұсталғандарға әуелі ескерту жасалып, кейін небәрі 5 АЕК (18 460 теңге, 1 АЕК – 3 692 теңге) айыппұл салынады. Ал шағын және орта кәсіпкерлерге салынатын айыппұл мөлшері – 20 АЕК (73 840 теңге) қана. Саудагерлер мұны шыбын шаққан құрлы көрмей отыр.

Сондықтан ұлт денсаулығына нұқсан келтіретін, ұрпағымызды улайтын, қазаққа жат әдеттен арылуымыз керек. Арнайы органдар сауда орындарына қатысты шешім шығарып, жас ұрпақты улап отырғандарға қатысты кешенді шара қабылдауға тиіс. Бесіктен белі шықпаған жас буынды лас әдеттен қорғайық!» - деді депутат.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама