×

«Зілзала салдарынан тарихымыз жойылды, ештеңе қалмады». Астанадағы түрік азаматы Хатайдағы азалы күндерді еске алды

50 мыңнан астам адам қаза тапқан Түркиядағы зілзалаға бір жыл болды

 Гүлбаршын Нұрхан 06.02.2024 | 15:03
Нүреттин Факыоғлу, Қазақстандағы түрік азаматы

2023 жылдың 6 ақпанында Түркияның оңтүстік-шығысында жер сілкінісі болды. Зілзаладан 50 мыңнан астам адам қаза тауып, сапасыз салынған жүздеген үй қирап қалды. 

6 ақпан Түркияда табиғи апаттар құрбандарын еске алу күні болып белгіленді. Бауырлас ел оны «ғасыр апаты» деп атады.

Halyq Uni тілшісі Түркиядағы зілзаладан ең көп зардап шеккен – Хатай қаласынан Қазақстанға қоныс аударған Нүреттин Факыоғлумен әңгімелесіп, осыдан тура бір жыл бұрынғы азалы күндерді еске алды.

Нүреттин Факыоғлу зілзаладан кейін (2023 жылдың наурыз айында) Түркияның Хатай провинциясынан Қазақстанға қоныс аударған. Алдымен Алматыда жұмыс істеп, қазір отбасымен бірге Астанада тұрып жатыр. Айтуынша, қазақстандық компаниялардың бірінде инженер-құрылысшы болып жұмыс істейді.

«Түркиядағы үлкен зілзаладан кейін Қазақстанға келдім. Қазақстандық компаниялардың бірінде инженер-құрылысшы болып жұмыс істеймін. Бұған дейін Қазақстанда бірнеше жыл жұмыс істегенмін, сондықтан осы елде тұруыма айтарлықтай кедергі болған жоқ. Әріптестерім мен қазақстандық достарым осы жаққа келген соң көп көмектесті. Бірақ менің балаларым мен отбасым үшін, әрине, бұл жерге, ауа райына үйрену бастапқыда қиын болды. Түркиямен салыстырғанда бәрі біршама басқаша», - дейді Нүреттин Факыоғлу.

Нүреттин сол күні Хатайдағы көпқабатты үйдегі пәтерінде болған. Ол тұрған қалада 25 мың адам қаза тапқан.

«Мен ол күні Хатайдағы өз үйімде болдым. Менің пәтерім көпқабатты үйдің 6-қабатында орналасқан. Құдайға шүкір, біздің үйіміз қираған жоқ, тек бүлінді. Біз кейін оны қайтадан қалпына келтірдік. Жер сілкінісі болған кезде отбасымызбен ғимараттан қалыпты түрде шығып кеттік, біздің жанымыздағы ғимараттар қирап қалды.

Мен тұратын Хатай қаласындағы тұрғындар ең көп зардап шекті. Ресми деректерге сүйенсек, қаза тапқан адамдардың жартысы осы жерден болды. Яғни, 25 мың адам қайтыс болды.

Біздегі Антакья қаласындағы үлкен аудандар толығымен жойылып кетті. Мәселе тек ғимаратта емес, адамдар жоғалып кетті, тарих жойылды. Қазір жер сілкінісінен бері бір жыл өтті. Бізде ештеңе қалған жоқ. Әлі күнге дейін қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр», - дейді Нүреттин Факыоғлу.

Нүреттиннің айтуынша, Түркия билігі мен халқы бұл жер сілкінісіне дайын болмаған. Бұған дейін де Түркияда жер сілкінісі мен әртүрлі дүмпулер тіркелген, дегенмен мұндай көлемдегі адам шығыны болмаған.

Қазір Түркия тұрақты жер сілкінісі аймағына айналды. Жер дүмпуі бізде үнемі болып тұрады. Алайда біз ондай үлкен зілзалаға дайын болмадық.

Халықтың жер сілкінісі туралы ақпараты да болды. Бірақ бұл тек бір тараптың қолынан келетін нәрсе емес. Біз ел ретінде жер сілкінісіне дайын болмадық, сондықтан 11 қалада осындай үлкен шығын болды. Қаншама азаматтан, досымыздан, көршімізден, туыстарымыздан айырылдық, - дейді Нүреттин.

Нүреттиннің айтуынша, Түркияда жер сілкінісінен қираған ғимараттарды қалпына келтіру жұмыстары әлі жүріп жатыр. Адамдар әлі күнге дейін өз үйінде емес, шатырлар мен контейнерлерді паналап жүр екен.

Үйінділерді шығару жалғасуда, қираған ғимараттарды бұзу, қалпына келтіру жұмыстары аяқталған жоқ. Халық өз күшімен үйлерін қалпына келтіруге тырысып жатыр. Алайда үкімет асықпайды немесе бұл үшін дәрменсіз. Адамдар әлі күнге дейін шатырлар мен контейнерлерді паналап жүр.

Меніңше, біз бұл жер сілкінісі кезінде ел ретінде сынып та қалдық. Ел үкіметінің дәрменсіздігін көрдік, - дейді кейіпкеріміз.

Нүреттин жер сілкісіні туралы үнемі түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, халық кез келген қиындыққа дайын болуы керегін айтты.

«Жер сілкінісіне алдын ала дайындық жүргізілу керек. Оған адамдар да, үкімет те араласуы керек. Бірақ өкінішке қарай, бізде олар айтылмайды. Қазақстанда да солай.

Алдымен бізге жер сілкінісіне дейін не істеу керектігі туралы зерттеп, білуіміз керек. Яғни, «жер сілкінісіне дейін не істеу керек, жер сілкінісі кезінде не істеу керек, жер сілкінісінен кейін не болады?» деген үш сұрақтың жауабын біліп, адамдарға үйретуіміз керек. Өйткені адамдар жер сілкінісі кезінде бұрыс әрекетінен де қаза табуы мүмкін», - дейді Нүреттин.

Нүреттин Факыоғлу әлі ұзақ уақыт Қазақстанда тұрғысы келеді. Оған қоса, Нүреттинге Қазақстандағы достары мен әріптестері көп көмек берген.

Мен бұрын Қазақстанда болғанмын, қазір жер сілкінісінен кейін отбасыммен осындамын. Қазақ достарымыз көп көмектесті. Бастығым Сапарбек Тұяқбаев пен жақын достарыма алғыс айтқым келеді. Бұл жақта уайым мен проблема жоқ.

Біз Қазақстанда ұзақ уақыт тұруды жоспарлап отырмыз. Құдай қаласа, жоспарымызды жүзеге асырамыз. Дегенмен, кез келген адам үшін өзінің отаны, туған жері маңызды, түбі Түркияға ораламыз деп ойлаймын, - дейді Факиоғлы.

Түркия азаматының айтуынша, жер сілкінісінен қорықпай, қайта одан сақтану, қорғану амалын жасаған абзал.

«Алматыда болған жер сілкінісі біраз уайымға салды. Сондықтан біз құрылыс сапасына, ғимараттарды салуға назар аударуымыз керек. Түркиядадағы проблемада осы. Сондықтан барынша осы мәселелерді шешу керек. Жер сілкінісінен қорқудың қажеті жоқ, тек сақтық шараларын қолға алу керек деп ойлаймын.

Жалпы Түркиядағы жер сілкінісі кезінде қаза тапқан, шейіт болған азаматтарымызды, достарымыз бен және туыстарымызды Алла рақымына алсын деп айтқым келеді», - деді кейіпкеріміз көзіне жас алып.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама