×

Заңсыз криптобиржаларға инвестиция салуға үгіттейтін коучсымақтар көбейді – Дәурен Қарашев

Алаяқтық өршіп кетпес үшін Қазақстандағы барлық заңнама нормасы тиісті деңгейде орындалуы керек

 Ербол Тұрымбет 02.02.2024 | 11:26

Елімізде заңсыз биржаларға қанша адамның қаражат салып жатқаны туралы нақты мәлімет жоқ. Дегенмен, оны ірі криптобиржалардың сайты арқылы тексеріп көруге болады. Бұл туралы Қазақстандық блокчейн технологиялар және дата-орталықтар қауымдастығының төрағасы Дәурен Қарашев «Голос народа» YouTube арнасына берген сұқбатында айтты.

Қауымдастық басшысының айтуынша, қазір ел ішінде қаптаған коуч сымақтар жұртты криптовалютаға инвестиция салуға үгіттеп әлек. Оған қоса, олардың алдын алатын шара да жоқ.

«Дәл қазір криптобиржаның қосымшасын ашып көрсете аламын. Олар оңай ашылады, оған жұрт тіркеліп жатыр. Транзакцияларын қолдану оңай. Әзірге ешқандай реттеу шараларын көріп тұрғаным жоқ. Қатаң тәртіп болмаған жерде өте ірі көлемде қаражат айналып жатыр деген ойдамын, өйткені қазақстандықтардың көбі сол жерге инвестиция салды. Нақты шара қабылданбаған жерде қарапайым азаматтарда бұл рұқсат етілген нәрсе деген түсінік қалыптасады. Binance, Bybit, KuCoin сияқты үлкен институттар Қазақстанда еркін жұмыс істеп жатса, демек оларға рұқсат берілді деп ойлауы мүмкін. Мысалы, жақында бір жаңалық оқып қалдым: Өзбекстан Binance-ты толық тыйып тастаған. Binance Global деп түсіндім. Себебі, оларда лицензия болмаған. Ақпаратқа қарағанда, олар реттеу талаптарын бұзған сияқты», - дейді Дәурен Қарашев.

Сарапшының пікірінше, Қазақстанда осындай нақты шаралар болмаған соң, жұрт оны заңды деп ойлап, залалына аса мән бере қоймайды. Қазақстанда алаяқтық өршіп кетпес үшін барлық заңнама нормасы тиісті деңгейде орындалуы керек.

Қазақстандық блокчейн технологиялар және дата-орталықтар қауымдастығы осы жұмысты ілгерілетуге күш салып жатыр. Сонымен бірге, құқық қорғау органдары үшін түрлі тренинг өткізіп отырады. Мәселен, былтыр күзде Бас прокуратурада, одан соң АХҚО-да осындай шара өткен. Қауымдастық басшысы Қазақстанда заңсыз криптобиржалардың белсенді жұмысы түбегейлі жойылады деген ойда.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама