×

Сенімсіз құрылыс компанияларын жарнамалаған блогерлерге жауапкершілікті күшейту керек – сенатор

Сенімсіз құрылыс компаниялары келтірген залал мөлшері 30 млрд теңгеден асқан

 Дәурен Ерболат 01.02.2024 | 15:35
Геннадий Шиповских, фото: parlam.kz

Сенат депутаты Геннадий Шиповских сенімсіз құрылыс компанияларын жарнамалайтын блогерлер мен танымал адамдарға шара қолдануды ұсынды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Сенатор депутаттық сауал Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа жолдады.

Геннадий Шиповскихтің айтуынша, соңғы 3 жылда сенімсіз құрылыс компанияларынға қатысты 45 қылмыстық іс қозғалған. Салдарынан 4700-ден аса үлескер зардап шеккен. Олардың басым бөлігі Астана (1 282 адам), Қарағанды (961), Ақтөбе (657) және Атырау (631), Алматы (360) қалаларында тұрады.

2019-2022 жылдары елордада проблемалық объектілердің құрылысын аяқтауға Ұлттық қордан 60 млрд теңге, ал республикалық және жергілікті бюджеттерден 154,6 млрд теңге бөлінді. Осылайша, мемлекеттің қатысуымен елордада 120 проблемалық тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Бүгінде елімізде 7 мыңға жуық алданған салымшы бар, оның 4 мыңнан астамы Астанада тұрады, - деді Геннадий Шиповских.

Соңғы 2 жылда құқық қорғау органдары қазақстандықтардан заңсыз қаражат жинағаны үшін 300-ден аса құрылыс компаниясын әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Нәтижесінде оларға  250 млн теңгеге айыппұл салынған.

Орташа есеппен алғанда, бір компанияға 800 мыңнан аса теңгеге айыппұл салынды. Бұл – бір пәтердің 2 шаршы метрінің бағасы ғана. Алайда (құрылыс компаниялары) келтірілген залал көлемі 30 млрд теңгеден асқан. Бұл парадокс емес пе? - деді депутат.

Сенатор сенімсіз құрылыс компанияларын жарнамалағандарға жауапкершілікті күшейтуді ұсынды.

«Үлескерлерге келтірілген шығын күдіктілер есебінен толық өндірілмей, көпшілігі мемлекет тарапынан өндіріліп жатыр. Осыны ескеріп, құрылыс компанияларына қойылатын талаптар мен мемлекеттік бақылауды күшейту қажет. Құрылыс компанияларына іс қозғалған сәтте сол компанияларды жарнамалап жүрген түрлі блогерлер мен танымал тұлғалардың да жауапкершілігін арттыру қажет», - деді Геннадий Шиповских.

2023 жылдың қарашасында Сенат депутаты Геннадий Шиповских Amanat Home кооперативіне 1 млрд теңге салып, ақшасын қайтара алмай жүрген салымшылардың жанайқайын жеткізді. Сенатордың дерегінше, «Борышкерлердің бірыңғай тізілімінің» деректері мен салымшылардың ақпаратынша, Amanat Home кооперативін сотқа беріп, шешім шығып, ол орындалмай, ақшасын кері қайтара алмағандар саны 453 адам. Жалпы келтірілген залал – 1 млрд 200 млн теңге.

Amanat Home салымшыларына қатысты дау Сенат төрінде де көтерілген соң, Halyq Uni редакциясы Қаржылық мониторинг агенттігіне ресми сауал жолдап, кооператив басшыларына қатысты қандай шара қолданылып жатқанын сұрады. Агенттіктің жауабынша, Алматы облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті «Аманат Хоум» ТК (Amanat Home) басшыларына қатысты қаржы пирамидасын құру және басқару күдігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама