×

Сенатор Amanat Home кооперативіне 1 млрд теңге салған азаматтардың жанайқайын жеткізді

Amanat Home, Amanat Halyq кооперативтерінің 42 салымшысынан шағым түскен

 Дәурен Ерболат 09.11.2023 | 13:24
фото: Amanat Home салымшыларының адвокаты Сұлтанбек Қалманбекұлы

Бүгінде 453 қазақстандық Amanat Home кооперативіне 1 млрд теңге салып, ақшасын қайтара алмаған. Бұл туралы Сенат депутаты Геннадий Шиповских айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Депутаттық сауал Қаржы мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов жолданды. Сенатордың айтуынша, қаржы пирамидасынан зардап шеккендердің саны азаяр емес.

Бас прокуратураның дерегінше «Қаржылық пирамиданы құру және оған басшылық ету» бойынша 2021 жылы – 233, 2022 жылы – 104, ал биыл 9 айда 89 іс сотқа жіберілген. Аталған статистикаға қарасақ, жылдан-жылға қаржы пирамидасының құрбандары азайып келе жатқан секілді көрінуі мүмкін. Ал содан жапа шеккендердің тізіміне қарайтын болсақ, керісінше статистиканы байқаймыз: 2021 жылы жәбірленушілер саны – 1259, 2022 жылы – 892, ал биыл 9 айда жәбірленушілер саны – 2079 адам. Бұл статистикада тек сот жәбірленуші деп таныған адамдардың тізімі көрсетілген, - деді сенатор.

Геннадий Шиповских жақында Amanat Home, Amanat Halyq кооперативтерінің 42 салымшысынан шағым түскенін айтты.

«Онда кооперативтерге ақша салып, не баспанасын ала алмай, не салған ақшасын қайтара алмай отырғандардың жанайқайы жеткізілген. Бұл қаншама отбасының берекесі қашып, қаншама баланың психологиясы бұзылып жатыр деген сөз.

«Борышкерлердің бірыңғай тізілімінің» деректері мен салымшылардың ақпаратынша, Amanat Home кооперативін сотқа беріп, шешім шығып, ол орындалмай, ақшасын кері қайтара алмағандар саны 453 адам. Жалпы келтірілген залал – 1 млрд 200 млн теңге.

Аталған кооперативтердің қаржы пирамидасына жататынын, не жатпайтын құзырлы органдар анықтай жатар. Біз ешкімді айыптамаймыз. Десек те салымшылардың өз ақшасын ала алмай жүргенін, жұмысын тастап, айлап-жылдап прокуратура мен сот ғимараттарының табалдырығын тоздырып жүргені көз жұма қарайтын жеңіл мәселе емес», - деді депутат.

Депутат Қаржы мониторинг агенттігінің төрағасынан көмек сұрады.

Құрметті Жанат Қалдыбекұлы, қаржы пирамидаларының алдын алуға бағытталған қажет тетіктердің бәрі бар, сондай-ақ Парламент тарапынан заңнама күшейтілді және қолдаулар көрсетіліп жатыр. Десе де, қаржылық пирамида ұйымдарынан зардап шеккендердің саны азаяр емес. Не себепті осы күнге дейін қаржылық пирамида ұйымдарын жеңе алмай келеміз?, - деді Геннадий Шиповских.

Еске салайық, Amanat Home салымшылары осыдан бірнеше ай бұрын Halyq Uni редакциясына хабарласып, көмек сұрады. Бірақ одан бері сең қозғалмаған, салымшылардың мәселесі шешілмеген. Amanat Home кооперативі салымшылардың не үйін, не ақшасын бермеген.

«Біз салымшы ретінде ақша салып, оны қайтара алмағандықтан, 25 адамның үстінен арыз жазуға екінші рет жиналып отырмыз. Бармаған жеріміз жоқ. Не ақшамызды, не үйімізді бермеймін деп нақты айтпайды. Телефонын да көтермейді, бізді бұғаттап тастаған. Сол кезде бізді қабылдаған адамдардың бәрін таба алмай жатырмыз. Енді қайда барарымызды білмей жүрміз», - дейді салымшы Гүлназ Ибраева.

Одан бөлек, Amanat Home кооперативі ұйымдастырған ұтыстан 1 бөлмелі үй ұтып алған Болатбек Мамырбеков те үйдің құжатын ала алмай, өз атына рәсімдей алмай жүр. Ол бұған дейін далада қалғанын айтқан болатын.

Болатбек Мамырбеков содан бері әлі ешнәрсе өзгермегенін, жауапты тұлғалардан жауап ала алмағанын айтты. «Енді ар-намысымды таптап, мазақ еткені үшін сотқа жүгінемін» деп отыр.

«Көңілбай сол үйге барып, видео түсіріп, ақшасын бердім деп айтыпты. Енді ақша аударғаны рас болса, үйді менің атыма рәсімдеуі керек қой. Құжатын тапсыруға тиіс болған Маржан Рахымбаеваның жауабын күттім, бірақ еш жауап берген жоқ. Мені мазақ қылып отыр ма? Үйді беріп, қайтадан тартып алып отыр. Еш ренжімесін, енді күтпеймін. Мен басқа шара қабылдаймын. Олар уәдесінде тұрмады. Үйді берсін немесе мәселені заң алдында шешеміз», - дейді Amanat Home ұйымдастырған ұтыстан бір бөлмелі пәтер ұтып алған Болатбек Мамырбеков.

Amanat Home салымшылары Көңілбай Шүкеновті бетпе-бет кездесуге шақырды. Олар ақша салуға үгіттеген адам «Әлеуметтік желіде Құран ұстап видео түсіргенше, халық алдында жауап берсін» деп талап етіп отыр.

Көңілбай Шүкенов бізбен бетпе-бет кездесіп жауап бергенін талап етеміз. Бізді осы ақша салуға шақырған кезде, ешнәрсе онлайн болған жоқ. Бізге барлығын бетпе-бет түсіндіріп берген соң сол пирамидаға кіргенбіз. Енді сол шақырған адамдардың ешқайсысын таба алмай жатырмыз. Көңілбай да, басқа да жоқ. Өздері шақырған соң түсіндіріп, бәрін жүзбе-жүз кездескенде айтып берсін. Бізге Құран ұстап видеомен жауап бергені керек емес, - дейді салымшы Айгерім Жүзбек.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама