×

«Заңды ғалымдар жазуы керек»: Айдын Бикебаев шетелдік сарапшылардың кеңесіне күмән келтірді

Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы қорғалуға тиіс құпиялар бар екенін айтты

 Ая Өміртай 30.01.2024 | 11:54

Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Айдын Бикебаев YouTube желісіндегі «Голос народа» жобасына сұқбат беріп, Қазақстандағы сот төрелігінің жай-күйі, халықтың сот жүйесіне деген наразылығы туралы айтты.

Оның айтуынша, Қазақстан тарихында алғаш рет адвокатураның жағдайы және адвокаттардың қызметі туралы Ұлттық баяндама қабылданған.

«Онда біз адвокаттардың құқығын бұзуда жиі кездесетін жағдайларды жинақтауға тырысып, адвокаттардың өз клиенттеріне заңгерлік көмек көрсету кезінде күнделікті немен бетпе-бет келетінін көрсеттік. 2022 жылдың қорытындысы бойынша ұлттық есепте біз адвокаттарды ұрып-соққан және өз клиенттерімен кездесуге рұқсат бермеген барлық өрескел жағдайларды сипаттауға тырыстық», - дейді Айдын Бикебаев.

Ол адвокаттардың кәсіби құқығының бұзылуына жататын бірқатар мәселені алға тартты. Мәселен, адвокаттарға өз қорғауындағы адамдарға қатысты тергеу әрекеттерін жүргізуге рұқсат етілмейді. Сондай-ақ адвокаттардың өз клиенттерімен кездесуіне жол берілмеуі, оларға іс материалдарын қарауға бермеу, жасырын тергеу әрекеттерінің жүргізілуі де алаңдатарлық мәселеге айналған.

Біздің басты мақсатымыз – адвокатураның мүддесін ілгерілету. Жалпы, былтыр біз 200-ге жуық кездесуге қатыстық. Осы ұжымдық жұмыстың нәтижесінде адвокаттар алқасының ұсыныстары қазір Мәжілісте қаралып жатқан бірнеше заң жобаларында ұсынылды, - деп атап өтті Айдын Бикебав.

Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы кейбір дауларға кеңесші ретінде шетелдік азаматтардың шақырылуын құптамайтынын атады. Өйткені онда қорғалуға тиіс құпиялар бар.

«Заңды ғалымдар жазуы керек. Кеңес заманында ғылыми-зерттеу институттары болды. Онда жаңа заңдар әзірленетін. Бізге заң ғылымын қайта құру керек. Мәжіліс заң жобасын әзірлеуге кірісті. Талқылау әлі жалғасып жатқанымен, көптеген мәселеде депутаттардың қолдауын көріп отырмыз. Түптеп келгенде, дұрыс нәтиже болады деп үміттенеміз. Дегенмен, ашық құқықтық дауларда адвокаттар емес, кеңесші ретінде заңгерлер бекітілген. Бірақ ондағы заң кеңесшілері шетелдіктер болуы мүмкін. Қоғамдық дауларға шетелдіктерді енгізуді түсінбеймін. Онда қорғалған құпияның барлық түрі бар. Сайып келгенде, теориялық негіздемесі бар жоғары сапалы заң жобаларының жұмысын көре алмай отырмыз. Мен әлі қорытынды есеп бере алмаймын. Біз жұмыс істеп жатырмыз», - деді ол журналиске берген сұқбатында.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама