×

Өтініш беру уақыты тағы ұзартылған ақылы ҰБТ дау тудырды

Ата-аналар мен мұғалімдер сайттың жиі істемей қалатынын жазып жатыр

 Еркеғали Болатұлы 09.01.2024 | 09:46
фото: ortcom.kz

Қаңтар айындағы ақылы тестілеуге өтініш беру мерзімі тағы ұзартылды, деп хабарлайды Ұлттық тестілеу орталығы.

Ведомствоның хабарлауынша, 8 қаңтарда сағат 17:00-де қосымша орындар ашылған.

Сондай-ақ ҰБТ-ға өтініш беру 11 қаңтарға (қоса алғанда) дейін жалғасады. Мұқият болыңыздар! Сәттілік! - деп жазылған орталықтың ресми парақшасында.

Ұлттық тестілеу орталығы ақылы ҰБТ-ға өтініш беру мерзімін осымен екінші рет ұзартып отыр. Бұған дейін қаңтардың 9-ына дейін өтініш қабылданады деген хабарлама жарияланған болатын. Ал желі қолданушылары сайттың жиі істемей қалатынын жазып жатыр. Соның салдарынан мектеп оқушылары тіркеліп үлгермейді.

Бұлай орын ашқанша, ашпай-ақ қойыңдар! Не сұмдық мынау?! Сайт мүлде жұмыс істемейді, кірмейді, «403» деп шығып тұр! Тегін емес, сонша ақша төлеп қатысып жатырмыз ғой! - деп жазды желі қолданушылардың бірі.

Шағымданушылардың арасында мектеп мұғалімдері де бар.

Тағы орындар ашыла ма? Біздің мектептегі 11-сыныптардың тек 30%-ы тіркеліп үлгерді. Сайттарыңыз таңның атысы, күннің батысы қатып тұрады, орын ашыңыздар!

Не сұмдық?! Біресе орын жоқ, біресе сайт жұмыс істемейді. Оқушылар онсыз да күйзелісте жүр. Жеткілікті орын бөліп, сайтты дұрыстаңыздаршы!» - дейді олар.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама