×

Талибан Қазақстанда тыйым салынған ұйымдардың тізімінен шығарылатын болды

Оларды Қазақстанның мойындауы туралы әңгіме биыл өткен Қазақстан-Ауғанстан форумы қарсаңында қозғалған

 Еркеғали Болатұлы 29.12.2023 | 11:30
фото: news.myseldon.com

Қазақстан Талибанды тыйым салынған ұйымдар тізімінен шығарады. Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мұндай шешімнің неліктен қабылданғанын түсіндірді.

Оның айтуынша, бүгінде еліміз Қазақстанда тыйым салынған террористік ұйымдардың ұлттық тізіміне үнемі ревизия жүргізіп отырады.

Аталған үдеріс аясында БҰҰ тәжірибесіне сәйкес, «Талибан қозғалысын» тізімнен шығару туралы шешім қабылданды. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің орындауға міндетті қарарларына сәйкес, «Талибан қозғалысы» БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі террористік деп таныған ұйымдардың тізіміне кірмейді, - деп түсіндірді СІМ ресми өкілі.

Айта кетсек, 2023 жылдың тамызында өткен Қазақстан-Ауғанстан форумы қарсаңында Талибанды Қазақстанның мойындауы туралы әңгіме қозғала бастаған еді. Сол сәтте бұл сұрақ СІМ өкілдеріне қойылды. Талибанды Қазақстандағы тыйым салынған ұйымдар тізімінен шығару туралы мәселе халықаралық қоғамдастықта үйлестірілуге тиіс екендігі атап өтілген болатын.

Қазақстан Жоғарғы соты 2005 жылы 15 наурызда «Талибан қозғалысын» террористік ұйым деп танып, қызметіне тыйым салған болатын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама